Қауіпсіз дезинфекция – бұл тек құралдың құрамына емес, оны қолдану мәдениетіне де байланысты. Осы мәселені жан-жақты түсіну үшін біз ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасына қарасты Токсикология зертханасының мамандарымен тілдестік. Олардың айтуынша, кеңінен қолданылатын көптеген дезинфекциялық құралдардың өзі, қысқа мерзімде, не ұзақ мерзімде болсын ағзаға қауіп төндіруі мүмкін.
Дезинфекциялық заттардың құрамында жиі кездесетін компоненттер – хлор қосындылары, спирттер және төрттік аммоний тұздары. Олар бактериялар мен вирустарға қарсы тиімді болғанымен, тері мен көзді, тыныс алу жолдарын тітіркендіріп, аллергиялық реакциялар туғызуы ықтимал. Кей жағдайларда – әсіресе жоғары концентрацияда – уытты заттар ағзада жиналып қалуы мүмкін. Сонымен қатар, шамадан тыс стерильділік баланың табиғи иммундық жүйесінің әлсіреуіне де алып келуі мүмкін.
Фото: Самарканов Арсен
«Біз зерттеулер барысында рұқсат құжаттары бар дезинфекциялық заттардың да дұрыс қолданылмаған жағдайда теріні тітіркендіріп, ағзаны сезімтал ететінін байқаймыз. Сондықтан қауіпсіздік – тек құрамында емес, оны қалай пайдаланатынымызда», – дейді Токсикология зертханасының фельдшер-зертханашысы Саламат Жаникулова.
Агрессивті дезинфекциялық заттарды қолданған кезде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау аса маңызды: қолғап кию, әртүрлі құралдарды араластырмау, бөлмені мұқият желдету. Мұндай заттарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау – міндетті жағдай. Таңдау кезінде де мұқият болу керек: мысалы, сутегі асқын тотығы немесе гуанидин негізіндегі заттар – уытсыз қалдықтарға ыдырайтын қауіпсіз нұсқалар. Ал этанол немесе изопропанол секілді спирттер тері мен шағын беттерді өңдеуге жарамды, дегенмен олармен де сақтық қажет.
Ресми тіркеуден өткен дезинфекциялық заттардың өзі де зертханалық бақылауды талап етеді. Мәселен, медициналық мекемелерде жиі қолданылатын «Део-Хлор» препараты – хлор негізіндегі таблетка түріндегі құрал. Ол жоғары тиімділікке ие, бірақ нақты дозасын есептеу, нұсқаулықты мұқият сақтау және қолданылатын орта жағдайын ескеру қажет.
Фото: Самарканов Арсен
Барлық дезинфекциялық құралдар санитариялық-химиялық және токсикологиялық сараптамадан өтеді. Зертхана мамандары құралдың сыртқы түрі, иісі, рН деңгейі, тығыздығы мен белсенді компоненттерінің – хлор, спирт, төрттік аммонийлік қосылыстар және басқалардың – мөлшерін бағалайды. Сонымен қатар тері мен шырышты қабаттарға әсері, жалпы уыттылығы және сенсибилизация (сезімталдықты арттыру) ықтималдығы тексеріледі. Препараттың қауіпсіз екенін тек арнайы құжаттар: тіркеу куәлігі, санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы және қолдану нұсқаулығы ғана дәлелдей алады.
Бүгінде дезинфекция – жұқпалы аурулардың алдын алудағы маңызды құрал. Дегенмен шынайы қауіпсіздік – өңдеудің жиілігінде емес, құралды дұрыс таңдауда және оны сауатты қолдануда. Референс-зертхананың мамандары атап өткендей, дезинфекция адамға қызмет етуі тиіс – ал артық сенімнің кесірінен қауіп көзіне айналмауы керек.