Қатаң протекционизм кезеңіндегі Қазақстан мұнайы

11.06.2025, 11:07
457
Қатаң протекционизм кезеңіндегі Қазақстан мұнайы коллаж Адия Әділетқызы

Қазақстан - әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші елдердің бірі. Мұнай ол еліміздің экономикасының тірегі және сыртқы сауданың негізгі көзі. Кең байтақ даланың астында жатқан қара алтын қорлары елдің геосаяси маңызын арттырып, халықаралық нарықтағы орнын айқындап отыр.

Қазақстанда мұнай алғаш рет 1899 жылы Атырау өңіріндегі Қарашүңгіл алаңында табылды. 1990-жылдардың басында Қазақстан әлемдік энергетика нарығына ашықтық танытып, шетелдік инвесторларға жол ашты. Сол кезде АҚШ біріншілердің бірі болып, Теңізшевройл компаниясы құрылып, Chevron корпорациясы Теңіз кен орнына инвестиция салды. Бүгінде еліміздегі негізгі мұнай жобаларының басым бөлігі америкалық компаниялардың қатысуымен жүзеге асып келеді.

Алайда қазіргі таңда әлем энергетикалық саясаттың жаңа кезеңіне аяқ басты. Геосаяси тұрақсыздық, жаһандық жасыл энергетикаға көшу және әлемдік державалар арасындағы бәсеке Қазақстан мұнайының болашағын қайта пайымдауды талап етуде. АҚШ пен Қытай арасындағы текетірес, Ресейге салынған санкциялар және Транскаспий бағытының балама ретінде көтерілуі - Қазақстанның энергетикалық саясатына ықпал ететін негізгі факторлар болып тұр.

Мұнай мен газға тәуелді экономиканы әртараптандыру, баламалы энергия көздерін дамыту, инвестициялық және технологиялық әріптестікті қайта қарау еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі болы отыр. Бұл жағдайда АҚШ-пен арадағы энергетикалық серіктестікті тек экономикалық құрал ретінде емес, сонымен қатар геосаяси және технологиялық тетік ретінде қарастыру қажет екенін көрсетеді.

Бұл тақырыпты тереңірек талқылау үшін “Energy Monitor” фондының басшысы сонымен қатар мұнай-газ бойынша білікті маман ретінде Нұрлан Жұмағұловтан сұхбат алдық.

АҚШ-тың протекционистік саясаты Қазақстан мұнайының экспорттық бағытына қалай әсер етуі мүмкін?

Сарапшының айтуынша, АҚШ Қазақстан үшін стратегиялық серіктес болып саналмайды. «Қазақстан мұнайының жалпы экспортының небәрі 2-3 пайызы ғана АҚШ-қа бағытталған. Бұл көрсеткіш те нақты емес, себебі негізгі көлем Еуропа нарығына жөнелтіледі. Қазақстан мұнайын АҚШ-қа тасымалдаудың мағынасы жоқ, себебі логистикалық шығындар тым жоғары», - дейді ол. Еуропа – Қазақстан мұнайы үшін негізгі нарық болып отыр. Экспорттың шамамен 85 пайызы сол жаққа бағытталады, сондықтан қажет болған жағдайда мұнай басқа бағыттарға оңай бұрылуы мүмкін.

 

коллаж: Адия Әділетқызы

Батыс елдерінің сауда тосқауылдарын күшейтуі қандай геосаяси қауіптерге әкелуі мүмкін?

Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда мұнай саласына қатысты нақты сауда шектеулері жоқ. Дегенмен металлургия саласына әсер етуі мүмкін бір кедергі - Еуроодақтың жоспарлап отырған көміртегі салығы. «Бұл салық 2027-2028 жылдарға қарай қатаңдауы мүмкін. Себебі, өндіріс процесінде балама энергия көздері қолданылмаған жағдайда, қосымша салықтар енгізілмек. Қазақстанда мысалы, руда мен металл өндіруде көбіне көмір қолданылады. Сол себепті бүгінде "Қазақмыс", IRJ секілді ірі кәсіпорындар көмірден газға көшіп жатыр. Бұл - өнімдерін Еуропа нарығына кедергісіз экспорттау үшін жасалып жатқан нақты қадам», - деп түсіндірді ол.

Қазақстан үшін мұнай экспортын әртараптандыру қаншалықты маңызды?

Сарапшы бұл мәселе 2022 жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтады. Алайда, осы уақыт ішінде нақты ілгерілеу болмаған. «Иә, бізде Баку - Тбилиси - Жейхан бағыты бар. Бірақ Қазақстан мұнайын тікелей мемлекет экспорттамайды. Экспорт процесі мұнай компанияларының иелеріне - акционерлер мен жүк жөнелтушілерге тиесілі. Олар өздері үшін ең тиімді бағытты таңдайды», – дейді ол.

Қазіргі таңда ең тиімді және арзан жол - Каспий Құбыр Консорциумы (КТК).

«Бұл бағыт бойынша бір тонна мұнайды тасымалдау 38 долларды құрайды, ал Баку - Тбилиси - Жейхан бағыты шамамен 120 доллар тұрады. Оның үстіне Атырау мен Ақтау арасында мұнай құбыры жоқ. Сол себепті мұнайды теміржол арқылы цистерналармен тасуға тура келеді. Кейін оны Каспий теңізі арқылы танкерге тиеп жөнелтеді. Алайда теңіз тайыздап жатқандықтан, ірі танкерлер қолдануға келмейді», - деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда Баку - Тбилиси - Жейхан бағыты бойынша небәрі 1,5 млн тонна мұнай жөнелтіледі. Ал Қазақстанның экспорттық әлеуеті жылына 70 млн тоннадан асады.

«Сонымен қатар, Каспий теңізі арқылы жөнелту көлемі артқанына қарамастан, Махачкала портына мұнай жеткізу көлемі жоғарылап келеді. Бұл да Ресей бағыты. Қазіргі таңда Қазақстан мұнайының 96 пайызы Ресей аумағы арқылы экспортталады. Сондықтан қазіргі таңда балама бағыттар емес, қосымша бағыттар туралы ойлау керек», - дейді ол.

Мысал ретінде ол Қашаған кен орнын келтірді:

«Егер Қашағанның екінші фазасы іске қосылса, ондағы мұнай көлемі КТК-ның өткізу мүмкіндігінен асып кетеді. Сол кезде Баку - Тбилиси - Жейхан бағытын кеңейту немесе Қазақстан - Қытай бағытындағы құбырдың әлеуетін пайдалану қажет болады. Бұл құбырдың қуаты - 20 млн тонна, бірақ қазіргі таңда Қазақстан тек 1 млн тонна ғана жібереді. 10 млн тонна Ресей мұнайы транзит арқылы өтіп жатыр, себебі біз өзіміздің көлеммен бұл құбырды толық толтыра алмай отырмыз. Оның үстіне, батыс инвесторлар үшін Қытай бағыты тиімсіз, себебі ол жақтағы баға саясаты өзгеше», - деп түсіндірді сарапшы.

Халықаралық жағдайдың тұрақсыздығы (санкциялар, қақтығыстар, одақтардың өзгеруі) Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қалай әсер етеді?

Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанға қатысты ешқандай санкция жоқ. Дегенмен, Ресей мен Украина арасындағы соғыс логистикаға үлкен зиян келтірген.

«Ресей аумағын айналып өтуге мәжбүр болу - тасымал жолдарының күрделенуіне, жоба мерзімдерінің кешігуіне және тауар бағасының қымбаттауына әкелді. Бұл - негізгі қиындық», - дейді ол.

Осыған байланысты Қазақстан Транскаспий бағыттарын дамытуға кіріскен.

«Қазіргі таңда еуропалық банктер Қазақстанға кредит беруге дайын. Бұл қаржыға контейнерлік кемелер, танкерлер сатып алынып, логистикалық жүйе қалыптастырылмақ», - деп түйіндеді.

Қазақстан дипломатиясы АҚШ және өзге де елдердегі энергетикалық нарықтағы орнын нығайту үшін қандай қадамдар жасауы керек?

Сарапшы бұл бағытта Қазақстан дипломатиясының жұмысы нәтижелі жүріп жатқанын атап өтті.

«АҚШ пен Еуроодақ - Қазақстан мұнайын өндіруші де, негізгі сатып алушы да. Сондықтан олар бұл салада мүдделі. Ресейге санкциялар салынғанда, АҚШ Қаржы министрлігі КТК-ға санкция салынбайтынын нақтылап, арнайы құжат қабылдады. Қазір біз сол құбыр арқылы мұнайды еш кедергісіз экспорттап отырмыз. Бұл - батыс елдерінің өз мүддесі үшін жасап отырған қадамы», - деді ол.

Алайда ол былай деп ескертті:

«Егер батыс инвесторлары Қазақстан нарығынан кететін болса, Қазақстанға қатысты да санкциялардың күшею қаупі артуы мүмкін. Себебі бүгінде Ресейге қажетті тауарлардың көпшілігі Қазақстан мен Қырғызстан арқылы жетіп жатыр».

Сұхбаттың қорытындысы бойынша қазіргі геосаяси жағдай Қазақстан мұнайына тікелей қауіп төндіріп тұрған жоқ. Негізгі экспорт бағыты - Еуропа, ал АҚШ-пен сауда көлемі өте аз. Каспий Құбыр Консорциумы ең тиімді маршрут, сондықтан баламалы емес, қосымша бағыттар қажет. Ресей арқылы өтетін экспорт әлі де сенімді. Қазақстан дипломатиясы жақсы жұмыс істеп жатыр, ал Батыс елдерімен серіктестік өзара мүдде негізінде дамып келеді. Ел үшін басты міндет - мұнай тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейтіп, тұрақтылықты сақтау.

Тақырыпты тереңірек ашу мақсатында мұнай-газ нарығының сарапшысы және бұрынғы «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясының маркетинг жөніндегі бас директоры қызыметін атқарған экономист Ерлан Жаукиннен де пікір алдық.

Қазақстанның Ресейдің геосаяси ықпалынан арылып, толыққанды энергетикалық және экономикалық дербестікке қол жеткізуі үшін қандай реформалар қажет деп ойлайсыз?

«Менің ойымша, ең алдымен Қазақстан энергетика саласында өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа бағыттарға көңіл бөлуі керек. Ресейге тым тәуелді болмау үшін альтернативті маршруттар мен серіктестерді іздеу маңызды. Мысалы, Каспий арқылы экспортты арттыру немесе газ бен мұнайды жоғары технологиялы өндіріс арқылы өңдеп, дайын өнімге айналдыру керек. Біз мұнай өндіреміз, бірақ оны Қазақстан мүддесіне сай бағыттау әлі күнге дейін қиын. Бұл – еліміздің стратегиялық кемшіліктерінің бірі. Сондықтан тек шикізат сатумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнімдер өндіретін құрылым қалыптастыру қажет. Сонда ғана біз сыртқы қысымға төтеп бере алатын толыққанды дербес экономика құрамыз».

Бүгінде Қазақстанда бензиннің айлық қоры жеткілікті болғанымен, ішкі тұтыну азайса, өндіріс тоқтап қалуы мүмкін. Бұл Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қалай әсер етеді және бұл тәуекелді геосаяси тұрғыда қалай басқаруға болады?

«Иә, бұл мәселе бар. Егер ішкі нарықта тұтыну төмендеп, экспорт мүмкін болмаса, зауыттар тоқтап қалуы ықтимал. Бұл экономикалық тұрғыдан қиындық туғызады және сыртқы геосаяси қысымға ұшыратуы мүмкін. Сондықтан Қазақстан көршілерімен, әсіресе Орталық Азия елдерімен энергетика саласында өзара сенімді келісімдерге келуі керек. Мұндай байланыс бізге тұрақтылық береді әрі сырттан тәуелділікті азайтады»

Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қаншалықты қабілетті деп ойлайсыз?

«Жауапкершілікпен айтар болсам, зауыттар модернизациядан өтіп, жақсы нәтиже көрсетуде. Бірақ қазіргі жағдайда олар толық қауіпсіздік кепілі деп айту қиын. Өйткені, өндіріс көлемі шектеулі, әрі сыртқы нарықтағы өзгерістерге икемсіз. Сондықтан бұл саланы әрі қарай дамытуға, экспорттық әлеуетін арттыруға ерекше мән беру керек деп ойлаймын»

Бензин экспортын қайта бастау геосаяси тұрғыда Қазақстанға қандай артықшылықтар әкелуі мүмкін? Бұл қадам елдің Ресей мен Орталық Азиядағы ықпалын қалай арттыра алады деп ойлайсыз?

«Бензин экспортын жандандыру – Қазақстан үшін геосаяси және экономикалық жағынан маңызды қадам. Бұл еліміздің өңірлік энергетикалық хаб ретіндегі мәртебесін күшейтеді және көрші елдермен қарым-қатынаста қосымша тетіктер ұсынады. Әсіресе, Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді мұнай өнімдеріне тәуелді мемлекеттер үшін Қазақстан бензинінің қолжетімді әрі сенімді көзіне айналуы мүмкін. Сарапшылардың айтуынша, бұл бағыт Ресейдің өңірдегі энергетикалық үстемдігіне балама бола алады. Яғни, Қазақстан өзінің өнімдерін экспорттау арқылы Ресейге деген экономикалық және логистикалық тәуелділікті азайтып, өзінің дербес энергетикалық саясатын қалыптастыра бастайды. Бұл өз кезегінде елдің геосаяси ұстанымын нығайтып, сыртқы саясатта икемді әрекет етуге мүмкіндік береді»

Қазақстан әлемдегі ең ірі мұнай қоры бар алғашқы 15 елдің қатарына кіреді. Кейде осы мәліметтерге сеніңкіреу қиын болып жатады. Себебі қара алттынның үстінде отырған халық қарыны тоқ көйлегі көк болуы керекқой деп ойлайсың. Алайда шикізаттық экономикадан арылып, құны жоғары өнім өндіруге көшу біздің де қолымыздан келеді. Мұнай мен газды тек шикізат ретінде емес, жоғары технологиялық өнімге айналдыру, бензин және басқа да мұнай өнімдерінің экспортын кеңейту арқылы Қазақстан Орталық Азияда энергетикалық ортаға айнала алатынына әлі сеніп келеміз. Ең бастысы - Қазақстан өзінің энергетикалық саясатын қысқа мерзімді экономикалық пайданы ғана көздейтін емес, ұзақ мерзімді ұлттық мүдде мен геосаяси тұрақтылыққа негізделген стратегиямен жүргізуі тиіс. Сарапшылар пікіріне сүйенсек, Қазақстан үшін негізгі экспорт бағыты Еуропа болып қала береді. Алайда геосаяси тәуелділікті азайтып, энергетикалық дербестікті күшейту үшін ел ішіндегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешіп, баламалы бағыттар мен жаңа серіктестіктерге басымдық беретін уақыт келген секілді.

 

Авторы: Адия Әділетқызы

Әділет Майғазиев әйелімен қалай танысқанын айтты Футбол жұлдызы Ламин Ямаль FIFA 2026™ футболдан әлем чемпионатында Visa-ның жаһандық амбассадоры атанады «Бір көйлек 600 мың теңге»: Жұлдыз Әбдікәрімова киілген киімдерін сатып жатыр Мұғалім емтихан жауаптарын сатты деген күдікке ілікті Дезинфекцияға сеніп қалмаңыз: қауіпсіздік қай кезде бұзылады? «Ресейден ақша тауып, жауды қолдап отыр»: Jah Khalib-ке Ресейге кіруіне тыйым салынбақ «Homay» әнімен әлемге танылған башқұрт әншісі Маңғыстауда бейнебаян түсіріп жатыр «Дәретхана қағазын ораған»: Изоляторда отырған күдікті өзін өртеп жібермек болды Құлсарыдағы жарылыстан зардап шеккендер шығынды кімнен өндірерін білмей отыр Өзбекстан Ресейден азаматтарының құқығын бұзуды тоқтатуды талап етті Алматыда ерлі-зайыптыны бірнеше жерінен атып өлтірген қаскөй сотталып кетті Қаржаубай Нұрымов сотталушылар беретін ақшаны балалар үйіне аударатынын айтты Зағип енесінің атына несие рәсімдеген келін төркініне қашып кеткен Енді астаналық студенттерге оқу ақысын өтеуге көмек беріледі Алматыда дүкенге шыққан 89 жастағы әже үйіне жете алмай қайтыс болды Көбірек жекелендіру: TikTok ұсыныстар арнасында контентті басқарудың жаңа функцияларын ұсынды Шымкентте 13 млн теңге жымқырған мектеп бухгалтері сотталып кетті АҚШ дегенінен қайтты: Трамп Қытаймен сауда келісімін жариялады Ерке Есмахан мен Raim тағы да ата-ана атанды Тоқаев Путинді Ресей күні мерекесімен құттықтады