1174

«Мажар халқы Украина үшін өлуге міндетті емес»: Орбан Зеленскийдің сынына жауап берді

Ақшамыз Украинаға емес, өз халқымызға жұмсалуы тиіс дейді Мажарстанның премьер–министрі.

«Мажар халқы Украина үшін өлуге міндетті емес»: Орбан Зеленскийдің сынына жауап берді
Валентин Огиренко / Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан Украина президенті Владимир Зеленскийдің сынына қатаң жауап қайтарды.

Орбанның айтуынша, Зеленский Венгрияны «шабуылдап отыр», себебі венгрлер Украина үшін соғысып, өлуге ниетті емес.

«Біз балаларымыздың майданнан табытпен қайтқанын қаламаймыз. Мажарлардың ақшасы Украинаға емес, өз халқымызға жұмсалуы тиіс», — деп жазды Виктор Орбан Facebook парақшасында.

Бұған дейін Зеленский Válasz Online сайтына берген сұхбатында Орбанды соғысты саяси науқан құралына айналдырды деп айыптаған болатын. Ол венгр билігін Украина ішкі істеріне араласуға әрекеттенді деп те мәлімдеген.

Мажар үкіметінің ресми өкілі Золтан Ковач бұл айыптауларға да жауап берді. Оның сөзінше, Зеленский «Тиса» оппозициялық партиясын қолдап, Мажарстан ішкі саясатына ашық араласып отыр.

«Украина ЕО-ға мүше емес ел. Ал Зеленский ел ішінде халықты қалай дауыс беру керек екенін үйретіп жүр. Бұл тым күлкілі», — деді Ковач X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде.

Сондай-ақ ол Украинаның ЕО-ға мүшелігі Мажарстанның ұлттық қауіпсіздік мүддесіне кірмейтінін ашық айтты.

Материал авторы