SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Astana International Trade Forum аясында өткен «CEO Talks: Ритейл көшбасшылары – 2025 бағыты» сессиясында еліміздегі танымал маркетплейстердің өкілдері қазақстандық тұтынушылар мен өндірушілерге не ұсына алатыны туралы айтып берді.
Орталық Азиядағы Alibaba өкілі Чингиз Шердің айтуынша, қазақстандық өндірушілер өз өнімдерін халықаралық нарыққа шығарудан бұрын Alibaba платформасында сынақтан өткізе алады.
«Alibaba өндірушілерге олардың өнімдерін қай елде, кімге сата алатынын сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Ол үшін жай ғана платформаға тіркеліп, белсенді жұмыс жасау қажет», - деді форум барысында Чингиз Шер.
Қазақстандағы Wildberries компаниясының корпоративтік байланыстар жөніндегі директоры Қазбек Күжімов маркетплейстің отандық нарыққа бейімделу жұмыстары жайында баяндады.
«Бүгінде Wildberries платформасында 120 мыңға жуық қазақстандық сатушы тіркелген. Астанада логистикалық орталықтың салынуы жергілікті экономиканың үлесін 5%-ға өсіріп отыр. Бұл бір инфрақұрылымдық нысан үшін өте үлкен көрсеткіш. Біз жаңа қызметтер ұсынып, оқыту жүргіземіз және жаңа сатушыларды тартамыз», - деді ол.
Сонымен қатар, Wildberries қосымшаны қазақ тіліне аударғанын да атап өтті.
«Біз қосымшаны қазақ тіліне аударғанымызды мақтанышпен айтамыз. Бұл – үлкен жұмыс, өйткені, 65 миллион тауар карточкасын бір уақытта аудару оңай болған жоқ. Ай сайын бір миллиондай карточка қосылып отырады және оларды да аударып отыру қажет. Біз тауар сипаттамасын қазақ тіліне аударатын арнайы сервисті іске қостық», - деді Қазбек Күжімов.
Halyk Finservice (Halyk Market маркетплейсі) басқарма төрайымы Мөлдір Рысалиева жекелендірілген маркетинг жайында айтты.
«Жекелендірілген маркетинг клиент тарту шығындарын 50%-ға дейін азайта алады. Бізде клиенттердің мінез-құлқын толық зерттейтін “деректер фабрикасы” деп аталатын департамент бар. Мысалы, егер клиент әуежайда болса, оған медициналық сақтандыруды сатып алу туралы хабарлама келуі мүмкін. Сауда орталығында жүрген кезде – тұрақ ақысын төлеуді есіне саламыз. Дәл сол сияқты тұтынушының қызығушылығына сәйкес тауар санатын да ұсынамыз», - деді Мөлдір Рысалиева.