SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында өгей әкесі 16 жастағы қызды көпшіліктің көзінше ұрып-соғып, шашынан сүйреген. Бұл туралы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық комиссия мүшесі Диляра Турина хабарлады.
Оның айтуынша, ер адам әйелі мен оның қызын үнемі психологиялық тұрғыда қысымда ұстаған. Оқиға болған күні олар үйге кіре алмай, сыртта жүрген. Қыз дүкенге нан алуға шыққанда, өгей әкесі оны подъезде күтіп алып, соққыға жыққан.
«Өкінішке қарай, сол сәтте ешбір куәгер араша түспеген. Қыз қазіргі уақытта ауруханаға жеткізілді. Анасы полицияға шағым түсірді. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 109-бабы – “Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру” бойынша қылмыстық іс қозғалды. Іс облыстық полиция департаментінің, прокуратура мен комиссияның бақылауына алынды», – деді Турина.
Қазіргі таңда жәбірленушіге кәмелетке толмағандарға арналған қолдау көрсету орталығының психологы көмек көрсетіп жатыр.
Диляра Турина қоғамды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырды.
«Баланы, әйелді, қызды ұруға ешкімнің құқығы жоқ. Мұндай оқиғалар қоғамда кең резонанс тудыруы тиіс. Әрбір азамат әлсіздерді қорғауға атсалысуы керек», – деді ол.