SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда екі баласын үйде қараусыз қалдырған әйел жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.
Оқиға туралы полицияға көршілердің бірі хабарлаған. Оның айтуынша, 9 және 11 жастағы балалар екінші күн қатарынан үйде жалғыз отырған. Шақырту орнына учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция қызметкерлері дереу жеткен. Тексеру барысында ақпарат расталды – балалар пәтерде жалғыз болған.
Белгілі болғандай, анасы еңбек демалысын таныстарымен бірге атап өтіп, балаларды қараусыз қалдырған.
«Қауіпсіздік мақсатында балалар арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау өңірлік орталығына уақытша орналастырылды. Олардың денсаулығы мен психоэмоционалды жағдайы мамандардың бақылауында», – делінген полицияның ресми мәліметінде.
Полиция әйелдің орналасқан жерін анықтап, медициналық куәландыру жүргізді. Нәтижесінде оның мас күйде болғаны белгілі болды. Анасы балаларды тәрбиелеу міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның мінез-құлқы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралады.
RUS