2559

Балғынбек Имашевтың ұлынан Меккеге жолдама сатып алған тағы 40 шақты адам шу шығарды

Не өзі, не ұлы байланысқа шықпай отыр дейді олар.

Балғынбек Имашевтың ұлынан Меккеге жолдама сатып алған тағы 40 шақты адам шу шығарды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, айтыскер Балғынбек Имашевтың ұлынан қажылыққа жолдама сатып алдық деген тағы 40 шақты адам наразылық білдірді. Олар елдің әр түкпірінен келген, ал ақшаларын қайтара алмай жүр. Бұл туралы КТК арнасының жаңалықтар қызметі жеткізді.

Бүгін зардап шеккендер Алматы қалалық полиция басқармасына барып, тергеудің қалай жүріп жатқанын білуге тырысты.

«19 сәуірде ұшуым керек еді, сол уақыттан бері ешқайда ұшқан жоқпыз. Ақшамыз да қайтарылмай жатыр. Жұмаға дейін деген, ең соңғы уәдесі — Құрбан айтқа дейін қайтарамыз деген. Директоры — Имашев Данияр деген жігіт», — дейді Берік Маржанов.

Олардың әрқайсысы жолдамаға шамамен 500 мың теңгеден төлеген. Зардап шеккендердің айтуынша, айтыскердің ұлы жалпы сомасы 20 миллион теңге қарыз. Жолдамада Мекке мен Мәдинадағы үш және төрт жұлдызды қонақүйде тұру уәде етілген.

Азаматтар компанияны әлеуметтік желі арқылы тапқан.

«Балғынбек Имашевтың өзі жарнамалаған соң, имандай сендік», — дейді олар.

Қазір не өзі, не ұлы байланысқа шықпай отыр. Журналистер қоңырау шалғанымен, айтыскер тарапынан еш жауап болмаған.

Еске салсақ, бұған дейін дәл осы компанияға алданған 50-ге жуық адам да полицияға жүгінген. Сол кезде Данияр Имашев алған қаражаттың бір бөлігін қайтарған еді. Бұл жолы да жәбірленушілер полицияға арыз түсіріп, алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сараптама тағайындалды. Іс міндетті түрде сотқа жолданады», — деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор