SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 40 жастағы қала тұрғынына үкім шығарылды. Қылмыстық іс қозғауға себеп болған — WhatsApp тобына жіберілген екі аудиохабарлама.
Іс материалдарына сүйенсек, өткен жылдың қыркүйегінде ер адам Астанадағы жатақхана бөлмесінде отырып, сыра ішіп, жүк көлігі жүргізушілеріне арналған топтағы хабарламаларды оқыған. Бұл топ жүк тасымалына қатысты ақпарат алмасуға арналған. Сол кеште жүргізушілер елордаға кіреберісте іске қосылған автокөліктерді автоматты түрде өлшейтін жүйеге наразылық білдіріп жатқан.
Пікірталас барысында кейбірі тасымалды тоқтатуды ұсынса, өзгелері қызмет бағасын көтеру керек деген ой айтты. Ал басты кейіпкер мәселені түбегейлі шешуді ұсынып, жүргізушілерге жүк көліктеріне отырып, Астанадағы үкімет кварталына барып, жолдарды жабуды айтқан. Сонымен қатар, екі аудиохабарламасында өзімен бірге қару алу қажеттігін де ескерткен.
15–20 минуттан кейін ер адам сөзінің орынсыз болғанын түсініп, жазбасын өшіріп, ұйықтап қалған. Алайда сол түні-ақ үйіне полицейлер келіп, оны бөлімшеге алып кеткен. Белгілі болғандай, жүргізушілер тобында арнайы қызметтің қызметкері де болған, ол топты бақылауда ұстаған. Ол жазбаларды тыңдап, заңсыз үндеулерді сақтап үлгерген.
Алдымен ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалып, 15 тәулікке қамалған. Кейін қылмыстық іс қозғалды.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, енді қайталанбайтынын айтты. Оның сөзінше, жазбаларды мас күйінде, эмоцияның әсерінен ойланбай жіберген. Қарулы қарсылық көрсету не заңсыз митинг ұйымдастыру ниеті болмағанын жеткізді. Алайда сот-сараптамалық психологиялық-филологиялық зерттеу оның бір аудиожазбасында «қарулы әрекетке үндейтін тілдік құрылымдар бар» екенін дәлелдеді.
Сот астаналықты ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы 3-бөлігі («Билік өкілдерінің заңды талаптарына белсенді түрде бағынбауға және жаппай тәртіпсіздікке не азаматтарға қарсы күш қолдануға жария түрде шақыру») бойынша кінәлі деп танып, 2,5 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасын кесті.
Үкім шығару кезінде судья оның қамқорлығында марқұм бауырының екі кәмелетке толмаған баласы барын, жағымды мінездемелерін және шын ниетпен өкініш білдіргенін ескерді.