Reuters: Израиль Хаменейді өлтірмек болды, ал Трамп қастандыққа рұқсат бермеді
Трамп Израильдің аятолла Хаменейге қастандық жоспарларына вето қойды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс үшінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Иран Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жексенбі күні Израиль шабуылдарынан кем дегенде 128 адам қаза тауып, 900-ден астамы жараланған. Ал Израильде жұма күнінен бері 15 адам мерт болды, оның ішінде үш бала бар.
The New York Times басылымының дерегінше, құрбандар мен жараланғандар саны өсуі мүмкін. АҚШ-та орналасқан Ирандағы адам құқықтарын қорғау ұйымы (HRAI) бұл сандарды растай отырып, Associated Press агенттігіне Израиль шабуылдарынан Иранда 406 адамның қаза тауып, 654 адамның жараланғанын хабарлады. Ұйым оқиғалар туралы мәліметтерді Ирандағы өз дереккөздері арқылы нақтылап отырғанын айтады.
Израиль премьер-министрінің кеңсесі Иран шабуылдары салдарынан 13 адамның қайтыс болғанын растады. Үшеуі – балалар. Сонымен қатар 9 адам ауыр жараланып, 30 адам орташа, 341 адам жеңіл жарақат алғаны хабарланды.
«Иран бейбіт тұрғындарды, әйелдер мен балаларды қасақана өлтіргені үшін аса қымбат баға төлейді», – деді Израиль премьер-министрі Тель-Авив маңындағы Бат-Ям қаласына сапары кезінде.
Iran International басылымының мәліметінше, Израиль Қарулы күштері Тегеранда орналасқан Ислам революциясы сақшылары корпусының (КСИР) ғимаратына соққы жасаған. Соққы салдарынан КСИР барлау қызметінің жетекшісі, бригадалық генерал Мохаммад Каземи және оның орынбасары үйінді астында қалған. Олардың жағдайы әзірге белгісіз. Ғимарат қатты зақымданған, құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Израиль әскери авиациясы ел тарихындағы ең алыс нысан – Мешхед қаласындағы (2300 км қашықтықта) ирандық жанармай құю ұшағын да атқылағанын хабарлады.
Сонымен қатар Reuters агенттігі екі америкалық шенеунікке сілтеме жасай отырып, АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранның рухани көсемі аятолла Али Хаменейге қастандық жасау жөніндегі Израиль жоспарына вето қойғанын мәлімдеді.
Трамп ABC News арнасына берген сұхбатында АҚШ-тың Израиль мен Иран арасындағы соғысқа араласу мүмкіндігін жоққа шығармайтынын айтты. Ол сонымен қатар Ресей президенті Владимир Путиннің делдал болуына қарсы еместігін, бірақ АҚШ тарапынан делдалдықты қолдайтынын жеткізді.
Жексенбі күні Ресей Ирандағы консулдық қызметін уақытша тоқтатып, өз азаматтарын эвакуациялай бастады. Бұл шешім Тегерандағы мемлекеттік мекемелерге бірнеше зымыран соққысы жасалғаннан кейін қабылданды. Елдің Мәдениет министрлігі Ресейдің Чайковский атындағы Үлкен симфониялық оркестрінің музыканттары да эвакуацияланғанын хабарлады.
Франция президенті Эммануэль Макрон жексенбіде Гренландия астанасы Нуукта өткен баспасөз мәслихатында Францияның Израильдің қорғаныс операцияларына қатыспағанын айтты. Оның сөзінше, бұл елге ондай өтініш түспеген. Сонымен қатар Макрон Трамптың Путинді делдал ету ұсынысын қолдамағанымен, АҚШ-тың арағайын болуын құптайтынын жеткізді.
Материал авторы