SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі Қырғызстанды және тағы 35 елді визалық шектеулер тізіміне қосуды қарастырып жатыр. Бұл туралы The Washington Post басылымы мәлімдеді.
Шектеу енгізілуі мүмкін елдердің жаңа тізіміне мына мемлекеттер кірген: Ангола, Антигуа және Барбуда, Бенин, Бутан, Буркина-Фасо, Кабо-Верде, Камбоджа, Камерун, Конго Демократиялық Республикасы, Джибути, Доминика, Эфиопия, Египет, Габон, Гамбия, Гана, Кот-д’Ивуар, Қырғызстан, Либерия, Малави, Мавритания, Нигер, Нигерия, Сент-Китс және Невис, Сент-Люсия, Сан-Томе және Принсипи, Сенегал, Оңтүстік Судан, Сирия, Танзания, Тонга, Тувалу, Уганда, Вануату, Замбия және Зимбабве.
Құжатқа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 14 маусымда қол қойған. Ол Америка дипломаттарына жолданған және тізімдегі мемлекеттердің үкіметтеріне жаңа талаптар мен бақылау көрсеткіштерін орындауға 60 күн берілгені айтылған. Әкімшіліктің пікірінше, бұл елдер белгіленген талаптарды орындамаған.
АҚШ мемлекеттік департаменті әзірге Қырғызстан азаматтарына қатысты ресми шектеу енгізілмегенін растады. Дегенмен, Қырғызстан билігі тізімнің қандай критерийлермен жасалғанын түсінбейтінін мәлімдеді.
— Қазіргі уақытта АҚШ-та шетелдіктердің елге кіруін реттеу мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған көші-қон заңнамасын қайта қарау процесі жүріп жатыр. Қырғыз Республикасы азаматтарына қандай да бір ресми шектеу қойылғаны туралы АҚШ тарапынан әзірге ешқандай ресми ақпарат түскен жоқ. Сонымен қатар, аталған тізімнің қандай негізде жасалғаны Қырғыз тарапына түсініксіз болып отыр, — делінген Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
Министрлік АҚШ елшілігінің консулын ресми түсініктеме алу үшін шақырмақ.
Айта кетейік, Қырғызстан бұған дейін заңсыз көші-қонмен күресті күшейткенін мәлімдеген. Биыл 10 маусымға дейін шетелдіктерге елде заңдастырылмаған күйде жүргені үшін айыппұл салынбай, құжаттарын реттеуге мүмкіндік берілген.