SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль мен Иран арасындағы әскери шиеленіс ушығып, Иран астанасы Тегеран тұрғындары жаппай қаладан кетіп жатыр. Дүйсенбі күні Израиль әскері Тегеранның орталық бөлігінен 330 мың адамды ішінара эвакуациялау туралы бұйрық берген.
Бүгінде шамамен 10 миллион халқы бар Тегеранда жағдай күннен-күнге шиеленісіп барады. Сейсенбіге қараған түні қаланың бұрынғыдай қайнаған тіршілігі тоқтап, көптеген дүкендер жабылған. Тіпті тарихи Гранд базардың өзі жұмысын тоқтатқан – мұндай жағдай соңғы рет COVID-19 пандемиясының өршіген кезінде ғана болған.
Қала көшелерінде кептеліс көбейіп, тұрғындар Каспий теңізі бағытына қарай жаппай бет алып жатыр. Жанармай бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, билік әр көлікке тек 25 литр жанармай құюға шектеу қойған.
АҚШ президенті Дональд Трамп дүйсенбі күні Truth Social платформасында: "Барлығы Тегераннан шұғыл эвакуациялануы керек!" – деп мәлімдеді. Кейінірек ол бұл үндеуді адамдардың қауіпсіздігін ойлап жасағанын түсіндірді.
Иран билігі халықтың жаппай кетуіне қарамастан жағдай бақылауда екенін айтып, нақты нұсқаулық берген жоқ.
Израильге жақында шабуыл жасалғаннан кейін Словакия мен Чехия өз азаматтарын елге қайтарып жатыр. Словакия дүйсенбі күні алғашқы эвакуациялық рейс келгенін растады – ұшақта 73 адам болған, оның ішінде 25 турист пен 5 дипломаттың отбасы мүшелері бар. Польша да өз азаматтарын эвакуациялау жоспарын жариялады, ал Үндістан бірқатар студенттерін Ираннан шығарып үлгерген.
Ираннан кетуге мүмкіндік алғандар Армения шекарасы арқылы елден шығып жатыр. Үндістан билігі азаматтарын өз бетімен эвакуацияға көшуге шақырды.
Израиль тарапы 100 мыңға жуық азаматы шетелде қалып қойғанын мәлімдеді. Елдің басты әуежайы – Бен-Гурион жұма күні жабылған. Осыған байланысты Израиль билігі өз азаматтарына Ларнака немесе Афины арқылы елге оралмауға кеңес беріп отыр, өйткені ел аумағындағы әуе қатынасы толық тоқтаған.
Құрлықпен Иордания немесе Мысыр арқылы оралуға тырысу да аса қауіпті – бұл елдерге баруға ең жоғары деңгейдегі ескерту енгізілген.
Сейсенбі күні таңертең Тегеранның солтүстігінде екі жарылыс болды. Қара түтін мемлекеттік телеарна мен маңызды үкіметтік ғимараттардың маңынан байқалды. Иран билігі бұл шабуылға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
RUS