SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда ерлі-зайыпты блогерлер 162 млн теңге тапқан заңсыз лотереямен айналысты. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Instagram, TikTok және Telegram желілерінде 850 мыңнан астам жазылушысы бар ерлі-зайыпты блогерлерге қатысты заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Олар лотерея операторы ретінде тіркелмегеніне қарамастан, пәтер, автокөлік және бағалы сыйлықтар ұтысқа тігілген көптеген онлайн-лотерея ұйымдастырған. Қатысушылар 500 бен 50 000 теңге аралығында тұратын билеттерді (цифрлық нөмір) сатып алып отырған.
Тергеу мәліметтері бойынша, бұл лотереяларға 1800-ден астам азамат қатысқан. Құқық қорғау органдары 162 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқаны анықтады.
Қазір күдіктілердің мүлкі мен банк шоттарына бұғат қойылды, тергеу жалғасуда.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жарияланбайды.