SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылғы 19 маусымда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Сенат отырысынан кейін Астанадағы Назарбаев Университеті студентінің қазасына қатысты пікір білдірді. Министр қазіргі уақытта барлық жағдайды құзырлы органдар тергеп жатқанын атап өтті.
«Ата-ананың үлкен өтініші бар — студенттің жеке деректерін жарияламауыңызды сұраймыз. Барлық жайтты толық зерттеуге уақыт беріңіздер», — деді министр журналистерге.
Саясат Нұрбектің айтуынша, оқиғаның суицид екені немесе емтиханмен байланысты екені әзірге нақты емес.
«Біз бұл туралы ештеңе нақты айта алмаймыз. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ақпарат расталған бойда сіздерге хабарлаймыз. Біздің білуімізше, марқұм — Қазақстан азаматы», — деп жауап берді министр.
Еске салайық, 2025 жылғы 18 маусымда Назарбаев Университетінің жатақханасынан студенттің мәйіті табылғаны туралы ақпарат әлеуметтік желі мен медиада тараған еді. Бұл мәліметті Zakon.kz порталына Астана қалалық полиция департаменті растады.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты ресми тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.