SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, тұрғындар көпқабатты үй ауласындағы қоқыс жәшігі жанынан тоққа қосылған тоңазытқыш орнатқан. Бұл — тұрмысы төмен жандарға көмек көрсету және азық-түлік қалдықтарын азайту мақсатында қолға алынған бастама.
Тұрғындардың айтуынша, үйде пайдаланылмай қалған, бірақ жарамдылық мерзімі өтпеген азық-түлікті енді тастамай, осы тоңазытқышқа салуға болады. Ал мұқтаж жандар оны тегін алып кете алады.
Әлеуметтік желілерде бастама кең қолдау тауып, жұртшылықтың жүрегін елжіретті. Instagram желісінде тараған бейнежазба астына мыңдаған пікір жазылды:
"Керемет идея! Тек қоқыс маңында емес, дүкендердің қасына қойылса, мүлде супер болар еді", "Мен де үйден артық тамақты апарып салар едім", "Адамдықтың белгісі осындай істерден байқалады".
Көпшілік мұндай жобаны Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда да енгізуді ұсынды. Жоба қоғамда мейірімділік пен жауапкершілік идеясын насихаттап отыр.