SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Айтбек Амангелдімен арадағы байланысты не себепті тоқтатқанын айтты. Бұл туралы ол сот үкімінен кейін журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында мәлімдеді.
Айтуынша, қайғылы оқиғадан кейін отбасы қаржылық қиындыққа тап болған. Қарыз жиналғанымен, кәсіп тоқтап, қолда бар мүлікті сату мүмкін болмаған. Осы кезде жақындары адвокат жалдауға көмек көрсетіп, қолдау білдірген.
«Ақша жоқ, затпен тұрмыз. Сатайық десек, бағасын түсіріп сұрайды. Қарыз болса да, жинай алмадық. Таныстарым көмектесіп, адвокат жалдайық деді», – деді Нұрымов.
Оның айтуынша, Айтбек Амангелді іске Қаржаубайдың туыстарының өтінішімен қосылған. Бастапқыда Нұрымов Айтбектің қолдауына сенгенімен, кейін оның ұстанымдарымен келісе алмаған.
«Айтбек бастапқыда түсінеді деп ойладым. Бірақ ол басқа адвокаттардың іске араласуына қарсы болды. Бір сәтте мені қаралап, үміт үздірді. Дегенмен, оның командасындағы адвокаттар – Ақмарал, Карина, Саидаға алғысым шексіз. Олар қолдау көрсетті», – дейді ол.
Нұрымовтың айтуынша, Айтбектің «Нұрқанат Ғайыпбаев өзіне қол жұмсады» деген мәлімдемесі отбасына ауыр тиген.
«Ол тергеуші де, заңгер де емес. Ондай ақпаратты таратуға құқы жоқ. Туыстарым ренжіді. Кейін де түсініспеушіліктер болды. Бірақ адвокаттарынан ресми түрде бас тартқан жоқпын», – дейді ол.
Сонымен қатар, Нұрымов істің егжей-тегжейін тек адвокат Мейірман Шекеев іске қосылғанда ғана білгенін айтты. Оның сөзінше, бастапқыда барлық күдіктілерге Қылмыстық кодекстің 99-бабы («Адам өлтіру») бойынша іс қозғалған. Алайда кейін тек басты күдіктіге ғана ауыр баппен айып тағылып, қалғандарына жеңіл «Бұзақылық» бабы қолданылған.
«Оны естігенде шок болдық. Мен істің әділ жүруін қаладым. Шекеев көмектесуге бірден келісті, соған ризамын», – деді ол.
Қаржаубай Нұрымов Нұрқанаттың өзіне қол салғанына сенбейтінін, оны біреулер алдап, қасақана өлтірген деп есептейді.
Еске салсақ, 2025 жылдың 5 маусымында Жетісу облысының мамандандырылған ауданаралық соты Шерзат Полатты өлтірді деген күдікпен тоғыз адамға үкім шығарған. Басты күдікті Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған «Адам өлтіру», «Бұзақылық» және «Қылмысқа дайындалу» баптары бойынша айып тағылған.