SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, өңірде соққан күшті дауылдың салдарынан бір адам көз жұмып, оннан астам адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Қайғылы оқиға Ақсу қаласында сағат 17:30 шамасында тіркелген. 1968 жылы туған әйелдің үстіне қатты желден құлаған ағаш түсіп, ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмған.
Сол күні сағат 19:00-де дәл осы қалада тағы бір жағдай орын алды. 2014 жылы туған баланың үстіне де ағаш құлап, бел омыртқасына зақым келтірді. Жағдайы қанағаттанарлық, бала амбулаториялық бақылауға алынды.
Жедел жәрдем қызметіне сағат 21:00-дегі жағдай бойынша кемінде 10 адам жүгінген. Зардап шеккендердің арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Екібастұзда:
1997 жылы туған қыз,
жасы анықталмаған әйел жарақат алды.
Павлодарда:
2007 жылы туған жасөспірім (сүйек сынған),
1991 және 1997 жылы туған екі әйел,
2013 жылы туған қыз,
2020 жылы туған егіз сәбилер – ұл мен қыз,
56 жастағы ер адамға қатты желден металл қақпа соғылып, жарақат келтірген.
Көпшілігі түрлі жарақаттармен (соғылған, тілінген, тері сырылған) ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер әлі де нақтылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, 19 маусымда әлеуметтік желілерде дауыл салдарын көрсеткен фото және видеолар тарап, жұртшылықты алаңдатты. Атап айтқанда, Екібастұздағы 500 кВ-тық электр желісі апаттық түрде ажыратылған.
Құзырлы органдар зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр. Табиғи апаттың шығыны мен себеп-салдары анықталып жатыр.