SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарақия ауданында шекара маңындағы теміржол бекеті жанынан белгісіз ұшатын аппараттың қалдықтарына ұқсас зат табылды. Бұл туралы куәгерлер хабарлап, тиісті органдарға жедел ақпарат берген.
Куәгерлердің айтуынша, аппарат Болашақ станциясы маңында орналасқан алыс аймақта табылған. Оқиға орнына барған полицейлер мен арнайы қызмет өкілдері бұл заттың ұшқышсыз басқарылатын ұшатын аппараттың (БПЛА) фрагменттеріне ұқсайтынын растады.
"Нысан елді мекендерден алшақ жерде табылды. Қандай да бір зақым келтірілген жоқ. Қазіргі таңда оқиғаға қатысты барлық мән-жайлар анықталып жатыр", – деді Маңғыстау облыстық ПД ресми өкілдері Tengrinews.kz сайтына берген түсініктемесінде.
Бұл – Қазақстанда тіркеліп отырған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін де Батыс Қазақстан облысында бірнеше мәрте ұшқышсыз аппараттардың құлағаны тіркелген:
18 ақпанда – Бөкей ордасы ауданындағы Ұялы ауылында белгісіз ұшу құрылғысы құлады.
18 наурызда – Тасқала ауданында үш метрлік дрон құлаған.
24 және 26 наурызда – тағы екі дрон фрагменті анықталған.
Қазіргі таңда құзырлы органдар табылған құрылғының шығу тегін, қай елге тиесілі екенін және оның не үшін Қазақстан аумағында жүргенін анықтап жатыр.