SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне орынсыз ескерту жасағаны жайлы видео тарады. Видео medina_akimatovskaya есімді қолданушының парақшасында жарияланған.
Кадрдан ер адамның бойжеткеннің мойнындағы татуировкаға шүйлігіп, оны "түрмеден шыққан адамға" теңегені байқалады.
"Мына татуировка ұнамай тұр. Бәрі сенен қорқып кеткен сияқты. Шошып кеттім. Түрің түрмеден шыққан адам сияқты. Кімге керек бұл? Елуге келгенде өкінесің", – деп пікір білдірген ер адам.
Алайда бойжеткен сабыр сақтап, жауап қайтарады:
"Бұл – менің татуым. Бұл жай ғана сурет. Бұл сізге арналмаған. 50 жасқа келгенде сіз бұл өмірде болмауыңыз да мүмкін", – дейді ол.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қолданушылар ер адамның әрекетін өрескел және әдепсіз деп бағалады.
Stan.kz тілшісіне пікір білдірген заңгер Дильназ Мұхамедова мұндай әрекеттің жеке өмірге қол сұғу екенін айтып, заң аясында жауапкершілік қарастырылғанын жеткізді.
"Қоғамдық көлікте қыздың сырт келбетіне қатысты ескерту айтқан ер адамның әрекеті – заңсыз. Конституция бойынша әр адамның жеке өміріне қол сұғуға болмайды. Сырт келбет, татуировка, шаш түсі – адамның жеке ісі", – деді заңгер.
Оның айтуынша, мұндай сөздер моральдық қысым ретінде бағаланып, Қылмыстық кодекстің 131-бабы (Қорлау) немесе ӘҚБтК-нің 73-3-бабы (Ұсақ бұзақылық) бойынша жауапқа тартылуы мүмкін.