SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Георгий Жуков қазақ тілін Қытайдағы ұйғырлардан үйренгенін айтты. Бұл туралы футболшы «Boroda Abata» YouTube арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, ол бес тілді еркін меңгерген: фламан, ағылшын, француз, орыс және поляк. Сонымен қатар испан және қытай тілін бастапқы деңгейде біледі.
«Қытайда ұйғыр футболшылармен бірге ойнадым. Қазақ тілі ұйғыр тіліне ұқсас болғандықтан, солардан естіп жүріп аздап түсінетін болдым. Егер «Астана» мен «Қайратта» бәрі қазақша сөйлессе, баяғыда үйреніп алар едім», – деді Жуков.
Айта кетейік, Георгий Жуков - Семей өңірінде өмірге келген. Дегенмен 5 жасында отбасымен Бельгияға қоныс аударып, сол жақта футболмен айналысуды бастаған.
Футболшы бұған дейін «Қайрат», Польшаның «Висла» Краков, Қытайдың «Цанчжоу Майти Лайонс» және «Пуща» клубтарында ойнаған. Ал ұлттық құрама сапында 20-дан астам матчқа қатысқан. Сондай-ақ ол өткен аптада ғана «Ақтөбе» футбол клубына ауысып, ел чемпионатына оралды.