1028

Иранға жасалған соққы Трампқа импичмент жариялауға негіз болмақ

Трамптың жақтастары мүмкін болатын үшінші импичмент процесіне дайындалып жатыр екен.

Иранға жасалған соққы Трампқа импичмент жариялауға негіз болмақ
AFP

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ Конгресі өкілі Александрия Окасио-Кортес президент Дональд Трамптың Иранға соққы жасау шешімін Конституцияны өрескел бұзу деп бағалап, бұл импичмент үшін айқын негіз екенін айтты. Бұл туралы саясаткер әлеуметтік желіде жазды.

«Президенттің Конгрестен рұқсат алмай Иранды бомбалауы – Конституция мен соғыс өкілеттіктерін өрескел бұзу. Ол импульсивті түрде соғыс бастауға жақын қалды, бұл елді бірнеше ұрпаққа созылатын тығырыққа тіреуі мүмкін. Бұл – импичментке нақты және абсолютті негіз», – деді Окасио-Кортес.

Сәуір айының басында Демократиялық партия өкілі Эл Грин де Трампқа импичмент жариялау бастамасынкөтерген болатын. Ол президентті "мұндай лауазымды иеленуге лайық емес" деп санайтынын ашық айтты.

Кейінірек тағы бір демократ, Шри Танедар, импичмент процедурасын ресми түрде бастағанын хабарлады. Ол президентті билікті асыра пайдаланды және Конституцияны бұзды деп айыптап отыр.

Axios порталының мәліметінше, Трамп командасы мүмкін болатын үшінші импичмент процесіне дайындалып жатыр. Бұл процесс келесі жылы демократтар Өкілдер палатасын бақылауға алса, жүзеге асуы мүмкін.

Трамп Иранға соққы жасады

Айта кетейік, АҚШ әскері Иранның үш ядролық нысанына соққы жасады. B-2 Spirit стратегиялық бомбалаушы ұшақтары Натанз, Фордо және Исфахан қалаларындағы объектілерді нысанаға алды.

Президент Трамп бұл шабуылды Иранның ядролық әлеуетін шектеу мақсатында жасалғанын айтып, егер Тегеран тарапынан агрессия жалғасса, жаңа соққылар жасалатынын ескертті.

Материал авторы