SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтер мен журналистік зерттеулерге құқық қорғау органдарының қалай әрекет ететіні туралы пікір білдірді. Бұл туралы ол Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында айтты.
«Қазір кез келген құқық қорғау органының әрекеті немесе құжаттары әлеуметтік желілерге шығып, түрлі пікірталас тудырып жатады. Бұл – біздің назарымызға түсетін маңызды сигналдардың бірі. Дегенмен, шешім қабылдар кезде біз эмоцияға емес, нақты дерекке сүйенеміз. Біздің басты қағидамыз – заң үстемдігі», – деді Жандос Өмірәлиев.
Оның айтуынша, егер әлеуметтік желілерде жарияланған материалдар тергеу немесе сот процесіне араласпаса, сондай-ақ қандай да бір қысым сипатында болмаса, прокуратура ондай мәліметтерді назарға алады.
«Тек журналистер емес, жалпы қоғам тарапынан келіп жатқан кез келген ақпаратқа мониторинг жасаймыз. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге күнделікті бақылау жүргізіледі. Бұл ақпараттар шешім қабылдау кезінде ескерілгенімен, түпкілікті шешім тек заң шеңберінде қабылданады», – деп түйіндеді Бас прокурордың орынбасары.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Бас прокурордың тағы бір орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев те іздеуде жүрген күдіктілерге қатысты қоғамда қызу талқыланған мәселелер бойынша түсініктеме берген еді.