Енді инвесторды прокурордың рұқсатынсыз тексеруге болмайды
Бас прокуратура инвестордың құқығын қорғау мақсатында қандай шаралар қолданылатынын жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында нақты тетік енгізілді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында ҚР Бас Прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.
«Инвесторларды қорғау – заңмен бекітілген. Енді прокурордың келісімінсіз ешбір орган оларды тексере алмайды, лицензиясын қайтарып ала алмайды немесе жасалған шарттарды бұза алмайды», – деді Жандос Өмірәлиев.
Оның айтуынша, мұндай тәртіп жалпы кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық істер бойынша да қолданылады.
«Бұл – Бас прокурордың тікелей нұсқауы. Егер дау азаматтық-құқықтық келісімшарттардан туындаса, ол тек сот арқылы шешілуі тиіс. Құқық қорғау органдарының араласуы қысым ретінде қабылдануы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Бас прокуратураның ұстанымына сәйкес, мемлекеттік құрылымдар бизнесті жазалау емес, қорғау жағынабейімделуі қажет. Бұл тәсіл инвестициялық ахуалды жақсартып, кәсіпкерлерге сенімді орта қалыптастыруға бағытталған.