SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп жариялаған атысты толық тоқтату келісімі күшіне енбей жатып, Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстар қайта күшейді.
24 маусымға қараған түні Иранның зымырандық шабуылы Израильдің оңтүстігіндегі Беэр-Шева қаласында 7 адамның өліміне және 10-нан астам адамның жарақаттануына себеп болды. Бұл ақпаратты Израильдің ұлттық жедел медициналық қызметі (MDA) растады.
Иран мемлекеттік телеарнасы Izrib Израильге жаңа зымыран соққылары жасалғанын хабарласа, Израиль тарапы жауап ретінде Иранның батысындағы зымыран ұшырғыш қондырғыларды әуеден жойғанын мәлімдеді. Бұл шабуылдар Трамп жариялаған бітім күшіне енуіне бірнеше сағат қалғанда болған.
Израиль билігі Трамптың мәлімдемесіне қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Елдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) түнгі уақытта Тегеран маңындағы тұрғындарға эвакуация туралы ескерту жасап, әуе шабуылдарын жалғастырды.
Ал Иран сыртқы істер министрі Аббас Арагчи әлеуметтік желідегі жазбасында Трамп мәлімдеген келісімді жоққа шығарып, Тегеран тек Израиль атысты доғарған жағдайда ғана зымыран ұшыруды тоқтататынын хабарлады.
«Иран қарулы күштері соққыларды таңғы 4-ке дейін, соңғы минутқа дейін жалғастырды», – деді ол.
Кей сарапшылар бұл мәлімдемені Иранның атысты тоқтатуға дайын екенінің белгісі деп бағалады.