SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық рэпер, Ninety One тобының мүшесі Дулат Мұхаметқалиев (ZAQ) «Айқап» подкастында отбасындағы ең ауыр әрі ең бақытты кезеңдердің бірі — қызы Айриннің дүниеге келуі туралы алғаш рет айтты.
Музыканттың айтуынша, қызы табиғи босану кезінде маңдаймен келген. Бұл — медицинада өте сирек кездесетін әрі ана мен бала өміріне аса қауіпті жағдай.
«Бізде Айрин маңдайымен келді. Негізі, бала желкесімен тууы керек. Ал мұндай жағдайда ана жатырдың 14 сантиметрге дейін ашылуы тиіс екен. Бұл — физиологиялық тұрғыда мүмкін емес нәрсе», — деді ZAQ.
Босану қарсаңындағы тексерулерде УЗИ арқылы бұл күрделі жағдай байқалмаған. Дәрігерлер «бәрі дұрыс» деп, Жадыраны босану бөліміне жіберген. Алайда оның денсаулығына байланысты қауіп жоғары болған — бұған дейін жүрегіне ота жасалғандықтан, кардиологтар табиғи босануға болмайды деп кеңес берген.
«Акушердің өзі: “Мұндай жағдайды бірінші рет көріп тұрмын” деді. Бір кезде “кіндігі оралған!” деген дауыс шықты. Қызымның кіндігі үш жерден оралып қалыпты. Бірақ дәрігерлер шұғыл әрекет етіп, қызымды аман-есен алып шықты», — дейді ZAQ.
Босанғаннан кейін Жадыра есінен танып, 10 күн бойы қалпына келу кезеңінен өтті. Қан құю қажет болса да, ол фобиясы салдарынан одан бас тартқан. Осы уақыт ішінде ZAQ жаңа туған сәбиіне өзі қарап, жұбайының күтімін де қатар алып жүргенін айтты.