SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жасанды интеллектке негізделген бейнемониторинг жүйесі арқылы 585 қылмыскер, оның ішінде іздеуде жүрген 285 адам анықталып, ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Қазір ел бойынша 19 мыңнан астам бейнебақылау камерасы смарт технологиялармен жабдықталған. Министрлік бұл санды алдағы 1–2 жылда 80 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
"Жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін 19 мың ақылды камера қылмыстардың алдын алуға және оларды жедел ашуға сеп болып отыр. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті күшейтудің маңызды құралы", – дейді ІІМ орынбасары Сәкен Сәрсенов.
Жүйеге 75 мыңнан астам адамның фотосуреті енгізілген. Камералар адамның бет-бейнесін танудан бастап, топталған адамдарды анықтау, қару-жарақ пен күмәнді заттарды тіркеу сынды күрделі функцияларды орындай алады.
Мамандардың айтуынша, бұл технология профилактикалық жұмыстарды жүргізуге де, қылмыстық жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. Жүйенің арқасында соңғы айларда тексеруде жүрген, жасырынып жүрген немесе іздеуге жарияланғантұлғаларды тану айтарлықтай жеңілдеген.