Елімізде балалар боғауыз сөз айтқаны үшін ата-аналар жазаланады
Соңғы күндері мессенджерлерде "балалар боқтаса, ата-анасына айыппұл салынады" деген мазмұндағы хабарламалар тарап, қоғамда қызу пікірталас тудырды. Бұл мәлімет рас па? Ішкі істер министрлігі нақты түсініктеме берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев бұл – фейк емес, расында да ата-аналар баланың қоғамдық тәртіпті бұзуына жауапты екенін жеткізді. Егер кәмелетке толмаған жасөспірім бала қоғамдық жерде боқтанып, заң бұзса – бұл үшін ата-анасы жауапқа тартылады.
"Біз Сингапур сияқты тәртіпке негізделген ел болғымыз келеді. Тәртіпке бағыну – мемлекеттің іргетасы. Мат айту, түкіру, темекі тұқылын тастау – бәрі де тәртіп бұзушылық", – дейді Сұлтанбаев.
Айыппұл мөлшері қандай?
Ювеналды полиция басқармасының басшысы Асет Оспанов ҚР ӘҚБтК 127-бабына сілтеме жасайды. Бұл бапта – ата-ананың баланы тәрбиелеу бойынша міндетін орындамауы қарастырылған.
Бірінші рет бұзса – 5 АЕК (шамамен 19 660 теңге),
Қайталанса – 15 АЕК (шамамен 58 980 теңге),
Қайталанатын немесе ауыр жағдайларда – ата-ана 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.
"Баланың мінез-құлқы, мектеп пен көршілердің мінездемесі, отбасындағы жағдай – бәрі ескеріледі. Шешімді тек сот қабылдайды", – дейді Оспанов.
Ал егер бала әлі кішкентай болса ше?
Полиция өкілдері бәрін заң бойынша емес, қоғамдық сана мен контекстті де ескеріп қарап жатқанын айтады.
"3-4 жасар бүлдіршін байқамай бірдеңе айтса – ата-анасына түсіндірумен шектелеміз. Бірақ 14–15 жастағы бала саналы түрде боқтаса – бұл жауапкершілікті қажет етеді", – дейді Сұлтанбаев.
Неге дәл қазір талқыланып жатыр?
ІІМ мәліметінше, бұл заң бұрыннан бар. Қазір тек сандық бақылаудың күшеюі, видеобақылау, видеожетондар, тұрғындардың белсенділігі арқасында бұл норма жиірек қолданылып жатыр.
Қалай дәлелденеді?
– Патрульдік полиция видеожетонмен түсіріп, хаттама толтыра алады;
– Көршілер, КСК, ОСИ, әлеуметтік желідегі жарияланымдар арқылы да сигнал келіп түсуі мүмкін;
– Учаскелік полиция материал жинап, сотқа жібереді, шешімді сот қабылдайды.
Материал авторы