SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы Әли Хаменеи Тегеран мен Тель-Авив арасындағы соңғы қақтығыста "Ислам Республикасы жеңіске жетті" деп мәлімдеді.
Ол бұл туралы X (бұрынғы Twitter) парақшасында жариялап, Иран халқын "сионистік режимді" жеңгені үшін құттықтады.
"АҚШ бұл соғысқа араласуға мәжбүр болды. Себебі егер қатыспаса, Израиль толық жойылар еді. Бірақ Вашингтон ештеңе ұта алмады. Бұл шайқаста жеңіске жеткен — Иран", – деді Хаменеи жергілікті телеарнадағы сөзінде.
Оның айтуынша, Иран АҚШ-қа да "қатаң соққы берген".
Айта кетейік, Иран мен Израиль арасындағы соңғы қақтығыс аймақтағы жағдайды ушықтырды. Тегеранның тікелей әскери шабуыл ұйымдастырғаны туралы мәліметтер тараған. Бұл шиеленіс тек Таяу Шығыспен шектелмей, жаһандық мұнай нарығына да әсер етті – шикізат бағасы күрт өсті.
Осындай геосаяси ахуал аясында бұрынғы АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран мен Израиль арасындағы делдалдық әрекеттері үшін Нобель сыйлығына ұсынылуы да талқыланып жатыр.
Сондай-ақ сарапшылар бұл қақтығыстың салдары Қазақстан экономикасына да әсер етуі мүмкін екенін айтуда. Егер мұнай бағасы өссе, теңге долларға қатысты нығаюы ықтимал.