SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, белгілі әнші Досымжан Таңатаров тасжолда апаттан аман қалды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Әншінің айтуынша, оқиға көлікпен жолда келе жатқанда болған – қозғалыс үстінде дөңгелек кенеттен ұшып кеткен. Алайда абырой болғанда, оқыс жағдай салдарынан ешкім зардап шекпеген.
"Дұғамыз қабыл болған шығар. Алла сақтап қалды. Жолда өте мұқият болыңыздар, дөңгелек болттарын жиі тексеріп тұрыңыздар", – деп ескертті өнер иесі. Сондай-ақ ол көлігіне шұғыл көмек көрсеткен Жаңарқалық Қуаныш пен Абзал есімді азаматтарға алғысын білдірді.
Оқиға орнынан түсірілген видеосын да желіде жариялаған әнші жедел техникалық көмек арқылы жолын әрі қарай жалғастырған.
Желі оқырмандары бұл хабарды алаңдаушылықпен қабылдап, әншінің амандығына шүкірлік білдірді. Пікір алаңында:
"Алла сақтап қалған екен, ғұмырлы болыңыз", "Аман болыңыз!", "Жол амандығын берсін", "Байқап жүріңіздер", – деген тілектер мен ескертулер жазылды.