SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран билігі АҚШ пен Израильдің әуе шабуылдарына дейін ядролық нысандарда сақтаған жоғары байытылған уран қорларын жасырған болуы ықтимал. Бұл туралы Reuters агенттігі 29 маусым күні батыс елдерінің және МАГАТЭ-нің дереккөздеріне сілтеме жасап жазды.
Болжамдарға сәйкес, жоғалған уран көлемі — шамамен 400 келі, және ол тоғыз ядролық бомба жасауға жеткілікті. Агенттік бұл ақпаратты ядролық қауіпсіздікке жауапты болған ондаған қазіргі және бұрынғы батыс шенеуніктерінен алған.
Батыс Иранмен «мысық пен тышқан» ойынын бастайды
Мәліметтерге қарағанда, Иран 60 пайызға дейін байытылған уранның едәуір бөлігін АҚШ пен Израиль шабуылынан бұрын нысандардан шығарып үлгеруі мүмкін. Бұл 90 пайыздық — қару жасауға жарамды деңгейге өте жақын. Бірақ нақты растау жоқ. Бір батыс дипломаты «егер ирандықтар шынымен осы уранның қайда екенін ашық айтпаса, ол ешқашан табылмауы мүмкін» деп атап өткен.
МАГАТЭ не дейді?
Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) 2025 жылғы соғыс басталарға дейін Иранда 400 келіден астам жоғары байытылған уран болғанын мәлімдеген. Ал Иран тарабы бұл уран шабуылға дейін қауіпсіз жерге көшірілгенін айтқан. Мұны кейбір еуропалық БАҚ пен барлау қызметі де растаған. МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси де мұндай ықтималдықты жоққа шығармайды.
Алайда Вашингтон бұған күмәнмен қарайды. АҚШ президенті Дональд Трамп пен Пентагон басшысы Пит Хегсет Иранның уранды қауіпсіз жерге әкетуге үлгермегенін айтып отыр.