SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Жақсылықов 2025 жылғы 8 маусымда Қорғаныс министрі қызметінен босатылған болатын. Артынша 10 маусымда Telegram арналары Қорғаныс министрі болған Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны туралы ақпарат таратқан. Ақпаратты экс-министр Tengrinews.kz сайтына берген жауабында жоққа шығарып, сондай-ақ жалған ақпарат таратқандарға сотқа арыз түсіретінін ескертті.
Еске салайық, 2022 жылдың басында газ бағасына қойылған шектеудің алынып тасталуына байланысты туындаған наразылықтар Қаңтар көтерілісіне ұласқаннан кейін Руслан Жақсылықов Қазақстанның Қорғаныс министрі болып тағайындалған еді. Оған дейін ол Ішкі істер министрінің орынбасары әрі Ұлттық ұланның қолбасшысы қызметін атқарған.
Артынша 2024 жылдың ақпанында Мемлекет басшысының жарлығымен Руслан Жақсылықов қайтадан Қорғаныс министрі лауазымына тағайындалған.
Жақсылықов министрлікті басқарған кезінде Қарулы күштерде әскери қызметшілердің қаза табуы мен өзіне қол жұмсауы сияқты бірқатар қайғылы оқиға орын алып, қоғамда резонанс тудырған. Осы жайттар министрлікке сын айтылуына себеп болды. Алайда, ресми түрде оның қызметінен босатылу себебі жарияланған жоқ.
RUS