SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек 2026 жылдан бастап мемлекеттік шығындарды қысқарту үшін бірқатар министрліктерді біріктіруді ұсынды. Бұл туралы ол Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы кезінде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.
«Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру аясында 2026 жылдан бастап мемлекеттік аппаратты біртіндеп қысқартуымыз қажет. Одан көпшілік қорқады. Бірақ егер шығынды азайтпасақ, қарыз қысымына түсеміз», – деді депутат.
Оның айтуынша, тек министрліктер ғана емес, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ пен «Бәйтерек» холдингтерінің әкімшілік аппаратын да қысқарту керек.
Қандай министрліктер біріктірілуі мүмкін?
Бақытжан Базарбек бірнеше министрлікті біріктіру арқылы үнемдеуге болатынын атап өтті:
Су ресурстары және Экология министрлігін біріктіру;
Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігін қосу;
Өнеркәсіп министрлігі мен Көлік министрлігін біріктіру.
«Халық саны аз елге осыншама министрлік қажет емес. Әр министрдің 5-6 орынбасары бар. Төртеуін қысқартып, екі орынбасар қалдыру жеткілікті. Бұлайша шығынды азайтуға болады», – деді ол.
Сондай-ақ депутат жасанды интеллект пен цифрландыру арқылы үкіметтің тиімділігін арттыру керек екенін айтты.
«2030 жылға қарай мемлекеттік аппарат **кем дегенде 20-30 пайызға қысқаруы тиіс»», – деді Базарбек.
Бұл ұсыныс қазіргі бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыз және тиімді басқару жүйесіне қатысты пікірталастар аясында жасалып отыр.
RUS