SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы №81 Astana English School халықаралық мектебінің бұрынғы басшылығы ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті мәлімдеді.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жергілікті департаментімен бірлесіп жүргізілген тергеу нәтижесінде, бұрынғы директор мен бас есепшінің 900 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз иемденгені белгілі болды.
Ата-аналардан жиналған ақша мекеме шотына түспеген
Қаражаттың бір бөлігі – дайындық сыныптары мен жазғы лагерьге арналған қолма-қол төлемдер. Ата-аналардан жиналған бұл ақшалар мектеп шотына өткізілмей, жеке мақсатқа жұмсалған.
Бұдан бөлек, шамамен 16 млн теңге жұмыс істемейтін жалған қызметкерлердің атына аударылған. Олардың қатарында күдіктілердің туыстары да бар, олар жұмысқа ресми түрде тіркелгенімен, іс жүзінде ешқандай міндет атқармаған.
Күдіктілердің мүлкі тәркіленді
Тергеу деректеріне сүйенсек, күдіктілер заңсыз табыс есебінен жалпы құны 382 млн теңгеге бағаланған коттедж, екі пәтер және автокөлік сатып алған. Бұл мүліктерге сот шешімімен тұтқындау қойылды.
Күдіктілердің екеуі де қамауға алынған. Қазіргі кезде іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.
ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар әзірге жария етілмейді.