SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияға қарсы экономикалық санкцияларды алып тастау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл шешім елді халықаралық оқшаулаудан шығарып, соғыс салдарын еңсеруге бағытталған.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливиттің айтуынша, бұл қадам Сирияны тұрақтылық пен бейбіт өмірге бастайтын жолға қолдау көрсету мақсатында қабылданған.
Аталған жарлық бұрынғы президент Джордж Буштың Сирияға қарсы жариялаған төтенше жағдай режимін де күшінен қалдырды. Сонымен қатар Сирияға қатысты алты президенттік жарлықтың күші жойылды.
Алайда санкциялардың бір бөлігі күшінде қалады. Олар Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа, оның туыстары мен жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты. Бұл адамдар соғыс қылмыстарына, адам құқықтарының бұзылуына, химиялық қару жасау және есірткі саудасына қатысы бар деп айыпталған.
Сондай-ақ, АҚШ Конгресі қабылдаған және Сирия армиясы мен барлауына қолдау көрсеткендерге бағытталған «Цезарь заңы» аясындағы санкциялар да өз күшінде қалады. Террорлық ұйымдармен байланысы бар топтарға, соның ішінде каптагон есірткісінің заңсыз айналымына қатысы бар делінген тұлғаларға қарсы шектеулер де алынған жоқ.
Санкцияларды алып тастау шешімі Трамптың биыл мамыр айында Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында Сирияның уақытша президенті Ахмед аш-Шараамен кездесуі барысында берген уәдесіне сай қабылданды.
Сол кездесу барысында АҚШ президенті Сириямен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді де қарастыратынын айтқан. Оның бұл шешімінен кейін Еуропалық Одақ пен Ұлыбритания да Сирияға қатысты шектеулерді әлсірете бастады.
Дегенмен АҚШ әзірге Сирияны "терроризмді қолдаушы мемлекет" мәртебесінен алып тастаған жоқ. Аш-Шараа басқаратын «Хайят Тахрир аш-Шам» тобы бұрынғыдай шетелдік террористік ұйым ретінде тіркеліп тұр.
Қазіргі таңда бұл мәселелерді қайта қарау процесі жүріп жатқаны хабарланды.