«Мал болып кетті»: ауыр атлет Жазира Жаппарқұл қазір базарда саудамен айналысып жүр
Рио-де-Жанейро олимпиадасында штанга көтеріп, күміс жүлде иеленген белгілі атлет қызымыз қазір базарда күн көріп жүр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, ауыр атлетикадан белгілі спортшы Жазира Жаппарқұл қазіргі уақытта саудамен айналысып жүргенін айтты. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында баяндады.
Спортшының айтуынша, ол Шымкент қаласындағы базарда өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
«Базарда сауда жасаймын. Өз адамдарым сол жерде жұмыс істейді, бірақ арасында өзім де барып, қарап жүремін. Ашып алып, кетіп қалу жоқ. Бәрін бақылап отыру керек. Тауарға тапсырысты өзім берем. Кейде адамдар мені танып, таң қалып: “Сен базарға кетіп қалдың ба?” – деп сұрайды. Сонда тұрған не бар?» – дейді Жаппарқұл.
Ол қоғамда еңбекке менсінбей қарау кең таралғанын айтып, менталитетті өзгерту қажет екенін алға тартты.
«Ешкімнің жұмысын тартып алып жатқан жоқпын. Ішіп кетсем, “мал болып кетті” деп айтасыңдар. Ал енді еңбек етіп, бизнес жүргізіп отырсам, тағы сөз айтасыңдар. Бір шешімге келіңдерші. Кейбірі: “Жарайсың, саудада береке бар. Пайғамбар да саудамен айналысқан” – дейді. Дұрыс айтады. Ішіп-шегіп жүргенше, спортпен не бизнеспен айналысқан абзал», – деді ол.
Спортшының бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр. Бірі оны еңбекқорлығы үшін мақтаса, енді бірі «бұрынғы спортшының базарда жүргені өкінішті» деген пікір білдіруде.
Материал авторы