SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жезқазған қаласында қоғамда үлкен резонанс тудырған адам өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты.
Қанды оқиға 2024 жылдың қаңтар айында болған еді. Қалалық қоқыс контейнерінен қол-аяғы шабылған ер адамның мәйіті табылып, көп ұзамай екі күдікті ұсталған болатын.
Тергеу деректеріне сәйкес, марқұм пәтерінде екі ер адам мен бір әйелмен бірге спирттік ішімдік ішіп отырған. Кикілжің қызғаныш салдарынан туындап, арты қайғылы жағдаймен аяқталған.
Айыптауға сай, ер адам мен әйел пәтер иесін пышақтап өлтірген. Кейін қылмысты жасыру мақсатында мәйітті бөлшектеп, көрпеге орап, жақын маңдағы қоқыс жәшігіне тастаған. Олардың бұл әрекеті бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Марқұмның артында жары мен кәмелетке толмаған балалары қалды.
— Екі сотталушы да Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 3 және 7-тармақтары бойынша ("Алдын ала сөз байласу арқылы аса қатыгездікпен адам өлтіру") кінәлі деп танылды. Сот әрқайсысына 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар марқұмның туыстарына әр сотталушы 5 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы және 535 мың теңге материалдық шығын өтеуге міндеттелді, — деп мәлімдеді Ұлытау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының баспасөз қызметі.