2384

«Құрсағында 9 ай салфетка жатқан»: Алматыда дәрігерлер өлім аузындағы әйелді әрең құтқарды

Әйел бала көтере алмай, ұйықтай алмаған. Оның органдары зақымдалып, тіпті ішегі алынып тасталған.

«Құрсағында 9 ай салфетка жатқан»: Алматыда дәрігерлер өлім аузындағы әйелді әрең құтқарды
pro.pravo.kz""

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда №2 қалалық перзентханада босанған әйел дәрігерлердің салғырттығы салдарынан ауыр халге түсті. Кесар тілігі арқылы босанғаннан кейін оның құрсағында дәке ұмытылып қалғаны 9 айдан кейін ғана анықталған. Бұл туралы жәбірленушінің адвокаты Анна Чернова мәлімдеді.

Оқиға 2024 жылдың тамызында болған. Үшінші баласын дүниеге әкелген келіншек бірден-ақ қатты ауырсынуға шағымданған. Бірақ дәрігерлер УДЗ қарап, "бәрі жақсы" деп үйіне шығарып жібереді. Осыдан кейін әйелдің жағдайы нашарлай бастайды: ұйықтай алмайды, жүре алмайды, жаңа туған сәбиін қолына ала алмайды. Көптеген жеке клиникаларға жүгінгенімен, нақты диагноз қойылмаған.

Тек 2025 жылдың мамырында компьютерлік томографияда кіші жамбас тұсында бөгде зат анықталып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылады. 3 маусым күні жасалған ота кезінде хирургтар құрсақ қуысынан 9 ай бұрын ұмытылған дәке салфетканы алып шыққан. Осы уақыт ішінде ол іріңдеп, перитонитке және ішкі органдардың зақымдануына әкелген. Ішектің бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған.

"Егер тағы бір апта кешіккенде, науқасты аман алып қалу мүмкін болмас еді", – дейді дәрігерлер.

Қазір әйел нәжіс жинағыш қаппен өмір сүруге мәжбүр және оған ішек қызметін қалпына келтіруге арналған тағы бір операция қажет. Алайда толық сауығып кететініне кепіл жоқ.

Науқас медицина қызметкерлерін жауапқа тарту үшін сотқа шағым түсірмек.

Ал Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне тексеріс жүргізу туралы ресми сұраныс жолданғанын хабарлады.

«Медициналық орытынды бойынша заң аясында тиісті шаралар қабылданады», – делінген басқарма хабарламасында.

Материал авторы