SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты ауылдардың бірінде 13 жастағы жасөспірім белгісіз жағдайда қайтыс болды. Бұл туралы nayzakokshe парақшасы жеткізді.
Қайғылы оқиға 2 шілде күні кешкі уақытта болған. Екі егіз бауырдың бірі үй маңынан бензиннің иісін сезіп, інісін іздеуге шығады. Жасөспірімнің денесі қорадағы шаруашылық құрылысынан табылған.
«Хозблокты ашқанда туыстары баланың денесін үстелде отырған күйде, жанында ашық канистра тұрғанын көрген», – делінген хабарламада.
Марқұм мен ағасы әкелерімен бірге тұрған. Анасы жоқ, толық емес отбасы екені айтылған.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің тиісті бабымен қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сараптамалар тағайындалғанын Ақмола облыстық полиция департаменті растады.
«Қазір полицейлер оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деді полиция департаменті.
Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.