SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда 29 жастағы Алина Серикованы топ болып ұрлап, зорлап, ақыры өз-өзіне қол жұмсауға итермелегендер — Маңғыстау облысындағы ең шулы істердің бірі бойынша сотталғандар — Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірді. Алайда бұл талпыныс нәтиже бермеді.
Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сотталғандардың бірінің адвокаты өз өтінішін кері қайтарып алған. Соның негізінде кассациялық алқа істі қараусыз қалдырды. Осылайша, бұған дейін шыққан үкім өзгеріссіз қалды.
Еске салсақ, бұл ауыр қылмыс 2024 жылдың көктемінде болған. Кешкісін үйіне қайтып келе жатқан спортшы әрі фитнес-тренер Алина Серикова көшеде бірнеше ер адам тарапынан ұрланған. Олар мефедрон қабылдаған күйі әйелді қорлап, сабап, зорлаған. Кейін онлайн-кредит рәсімдетіп, 2 млн теңгені тартып алған. Бірнеше күннен кейін Алина 9-қабаттан секіріп көз жұмды.
Алғашқы үкім:
2024 жылдың желтоқсанында Маңғыстау облысының арнайы соты:
Нүргелді Сейткалиев — 20 жыл,
Мерей Аралбай және Жалғас Үсенғалиев — 8 жыл,
Еркебұлан Аманқос пен Дархан Құлбас — 7 жылдан соттады.
Алайда марқұмның отбасы үкімге келіспей, апелляцияға шағым түсірді. Қоғамда бұл оқиға үлкен резонанс туғызды. Содан кейін апелляциялық сот жазаны күшейтті:
Сейткалиев — өмір бойына бас бостандығынан айырылды,
Қалған төртеу — 13 жылдан 16 жылға дейін жаза алды.
Сонымен қатар, сотталғандар Алинаның інісіне 27 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.