SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық танымал ауыр атлет, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл Шымкент қалалық спорт басқармасынан қысым көріп жатқанын журналист Ақырыс Сейітқазы мәлімдеді.
Жазираның айтуынша, мемлекеттік ArtSport бағдарламасына қатысып, 20 миллион теңгеден аса қарызға батқан. Спорт мектебіндегі 350 мың теңге айлық бұл қарызды өтеуге жетпегендіктен, спортшы базарда тойбастар, бесікке қажетті бұйымдар сатып, қосымша табыс табуға мәжбүр болған. Алайда спорт басқармасы бұл әрекетін «қызметке лайықсыз» деп санап, «не жұмысыңнан кет, не базардан» деген талап қойып отырған.
«Таңертең Жазира хабарласып, сұхбаттан кейін қысым күшейгенін айтты. Базарда сауда жасайтынына шүйлігіп жатыр. Ол тек қарызын жапқысы келеді», – дейді Ақырыс Сейітқазы.
Бұған дейін Жазира Жаппарқұл Aqyrys Seitqazy YouTube арнасына берген сұхбатында спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін елге пайдасын тигізгісі келгенін, бірақ жергілікті деңгейде лауазымды қызметке тұруға кедергілер көп екенін айтқан болатын.
«Жағдайы жақсы болса, базарда жүрмес еді. АртСпорт бағдарламасына алған құралдарының біразын тегін таратқан, енді біразын арзанға сатқан. Қалғаны – қорада шаң басып жатыр. Спортқа еңбек сіңірген қызды қудалау – әділетсіз», – деп жазды журналист.
Сондай-ақ ол Шымкент қалалық спорт басқармасына және Мәдениет және спорт министрлігінеЖаппарқұлдың жағдайына бей-жай қарамауға шақырды.
Жазира Жаппарқұл – Қазақстанның ауыр атлетикадағы сирек жұлдыздарының бірі. Ол – Олимпиада жүлдесін иеленген санаулы қазақ қыздарының бірі, ел намысын халықаралық ареналарда лайықты қорғаған спортшы.
RUS