SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Арменияның Антикоррупциялық комитеті елдің бұрынғы президенті Серж Саргсянға қатысты істі тергеп бітіріп, қылмыстық істі сотқа жолдады. Саясаткерге пара алу және заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу баптары бойынша айып тағылған.
Тергеу деректеріне сүйенсек, Саргсян 2000–2018 жылдар аралығында қорғаныс министрі, премьер-министр, кейіннен президент бола тұра, заңға қайшы түрде жеке кәсіппен айналысқан. Ол сенімді тұлғалары арқылы коммерциялық компаниялар құрып, оларды басқаруға қатысқан.
Атап айтқанда, Саргсян Арарат облысындағы битум зауытын құру жобасына шетелдік инвестиция тарту сылтауымен өз танысын тартқан, ал 2006 жылы құрылған компанияның жарты үлесі сол таныстың құрылымдарына тиесілі болған. Қалған 50% Кипрде тіркелген ресейлік компанияларға берілген.
Кейінірек экс-президент сол серіктесінен қосымша компаниядағы 22,5% үлесін пара ретінде тапсыруды талап еткен. Бұл компанияны Саргсянның жиені мен Арменияның екінші президентінің ұлы құрған. 2008 жылы бұл үлес ресми түрде сатылып, кейінірек 6 млн доллар көлемінде «жалған несие шарты» арқылы тағы қаржы аударылғаны анықталған.
Антикоррупциялық комитет істі Антикоррупциялық сотқа жіберді. Саргсян кінәлі деп танылса, оған жаза түрі сотта шешіледі.
RUS