SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға саяхаттап келген германиялық саяхатшы Валерия Түркістан облысында түнемек болған кезде ер адам тарапынан азғындық әрекетке тап болғанын Youtube арнасында айтып берді. Желіде қыздың осы оқиғасы қазақстандықтар арасында резонанс тудырып, ел азаматтары қыздан кешірім сұрап, қолдау білдіруде.
Валерияның айтуынша, бұл оқиға екі жыл бұрын жазда, ол Түркістан облысына саяхаттап келген кезде болған. Саяхатшы Арыстан баб кесенесіне жақын маңда шатыр тігіп, сол жерде түнемек болады.
Біршама уақыттан кейін ерлі-зайыпты адамдар мінген көлік келіп тоқтайды. Олар жақын маңда жайылып жүрген жылқылардың иесі екенін айтып, қызбен Google аудармашы арқылы сөйлескен. Қызығушылықпен қыздың қайдан келгенін, неге қонақ үйде тұрмағанын, жалғыз жүргенін, тұрмыста бар-жоғын сұраған. Ер адам оның телефонын сұрап алып, ішіндегі суреттерді қарай бастаған. Кейін олар WhatsApp нөмірін, Instagram мен YouTube аккаунттарын сұрап алып кеткен.
Қыздың айтуынша, түнгі үш шамасында шатыр сыртынан ер адамның дауысын естіп оянып кетеді. Сөйтсе, әлгі ер адам әйелінсіз жалғыз келіп, шатырға кірмек болған.
«Шатырдың есігін ашқанда бетіме жақындап, сүймек болды. «Жоқ» деп нақты айтсам да, түсінгісі келмеді. Шатырға кіріп кетпек болды. Мен оны итеріп жібердім. Сосын телефонымды сұрап, аудармашы арқылы сөйлескісі келді. Ақыры кет деп қуып шықтым», – дейді Валерия.
Қыз бұл жағдайға дейін ер адамды жүзі жылы, сенімді адам деп қабылдағанын, бірақ қатты қателескенін айтады. Қауіпсіздікті ойлап, WhatsApp нөмірін бергеніне өкініш білдірген.
«Бұл жайттан кейін шекара сақтау керек екенін түсіндім. Адамдарға бәрін ашық айта беруге болмайды екен», – дейді ол.
Оқиғадан хабардар болған қазақстандықтар қыздан кешірім сұрап, қолдау білдіріп жатыр:
«Қазақ ретінде сізден кешірім сұраймын. Ол – ауру адам. Әйелі бұл жайлы білуі керек», «Қандай масқара! Осындай видеода еліңді көру өте ұят», «Сізге қолдау білдіремін. Біз де бұл адамды айыптаймыз. Заң алдында жауап беруі тиіс», «Аман-есен екеніңізге қуаныштымын. Ендігі жолы тек жақсы адамдар кездессін», – деп жазды желі қолданушылары.
Әзірге бұл жағдайға байланысты құзырлы органдардан ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Қоғам белсенділері мен желі қолданушылары жауапты тараптарды тексеру жүргізіп, тергеу бастауға шақырып отыр.