5398

«Путинге билікте қалу үшін соғыс қажет» – Эстония премьер-министрі Кристен Михал

Біз көрші елді жақсы білеміз дейді ол.

«Путинге билікте қалу үшін соғыс қажет» – Эстония премьер-министрі Кристен Михал
Priit Mürk / ERR

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Эстония премьер-министрі Кристен Михал Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтатқысы келмейтінін, себебі бұл оның билікте қалуы үшін маңызды екенін айтты. Бұл туралы ол Euronews телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

«Путинге соғыс – судағы балықтай ауадай қажет. Өйткені соғыс болмаса, ресейліктер бірден «Ұлым қайда?», «Күйеуім не болды?», «Жинаған ақшамыз қайда кетті?» деп сұрай бастайды», – деді ол.

Саясаткердің айтуынша, соғыс тоқтаса, Путин ішкі қысымға тап болады. Сол себепті Ресей басшысы жанжал мен қақтығыстың жалғасуына мүдделі. Ол сондай-ақ Путин билікті сақтау үшін кез келген амалға баратынын ашық айтты.

Кристен Михал Ресей Путиннің басшылығында тұрған кезде Еуропа мен НАТО үшін қауіп болып қала береді деп есептейді.

«Біз көрші елді жақсы білеміз. Путин мен оның режимі өзгермейінше, Ресей – бүкіл өркениетті әлем үшін қауіпті», – деді Эстония үкіметінің басшысы.

Эстония НАТО ішінде қорғанысқа ең көп қаражат бөлетін елдердің бірі. Мемлекет ЖІӨ-нің 5%-дан астамын қорғанысқа бағыттауда. Михалдың айтуынша, бұл шешімдер халық арасында аса танымал емес, дегенмен ел қауіпсіздігі үшін маңызды.

«Бюджетті қысқарттық, қарыз алдық, салықты да көтердік. Бірақ демократияны қорғау үшін бұл қажет», – деді премьер.

Мемлекет ішінде де Ресейдің ықпалына тосқауыл қойылып жатыр. Эстонияда орыстілділер саны көп болғанымен, ел мектептерінде толықтай эстон тілінде оқытуға көшу жүріп жатыр.

«Бұл реформаны 20–30 жыл бұрын жасау керек еді. Қазір сәл пікірталас бар, бірақ айтарлықтай қарсылық байқалмайды», – деді ол.

Сондай-ақ Ресей азаматтарына жергілікті сайлауға қатысуға тыйым салынған.

«Егер қоғам өміріне араласқың келсе – сол елдің азаматы болуың керек», – деді премьер-министр.

Эстония Ресей тарапынан кибершабуылға ұшыраған алғашқы мемлекеттердің бірі. 2007 жылдан бері ел киберқауіпсіздік саласын күшейтіп келеді.

«Бізге бағытталған киберқатерлер тоқтаған жоқ. Бұл қауіпке тек бір жолмен қарсы тұруға болады – киберқабілетті арттыру. Эстонияда мемлекеттік және жеке сектор бірігіп, киберқауіпсіздік бойынша жүйелі жұмыс істеп жатыр», – деді Михал.

Айта кетейік, Эстония Украинаға қолдау көрсетуді жалғастыра отырып, өз қауіпсіздігін күшейтіп келеді. Премьер-министр Михалдың пікірінше, Путин билікте отырған шақта Ресей тарапынан келетін қауіп сейілмейді.

Материал авторы