SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандықтар шетелде жоғары жалақы аламыз деп үміттеніп, енді полицияның есігін қағып жүр. Жарнамада Ұлыбританияда құлпынай теруге жұмыс ұсынылып, айына 1 миллион теңгеден астам табыс уәде етілген. Бұл туралы КТК телеарнасы жеткізді.
Ғазиза Айсикенова есімді тұрғын бұл ұсынысты TikTok арқылы көріп, қызығып кеткенін айтады.
«Jumys.UK компаниясына TikTok арқылы шықтым. 2023 жылдың 21 мамырында 800 мың теңге төледім. Ол кезде: «Бір айдың ішінде кетесіздер» деді. Бәрі шынайы көрінді – келісімшарт берді, ағылшындармен кездесу ұйымдастырды», – дейді ол.
Жарнамада тәжірибе де, тіл білу де талап етілмейді делінген. Компания құжат жинауға көмектесеміз, кеңес береміз деп уәде берген. Алайда бір кезде өкілдер мүлдем хабарласпай қойған.
Work & Travel KZ ЖШС директоры Ботагөз Жүнісованың айтуынша, компания клиент ақшасын қайтарып береді, тек жәбірленушілердің көбі делдалдар арқылы келген.
«Қазан айында 700 адам сұхбаттасудан өтті. Соның 70%-ы жұмысқа орналасып, визасын алды. Ал шағымданып жатқандар – көбіне делдалдар арқылы келгендер. Чектеріне қарасаңыз, оларда үшінші тараптың аты жазылған. Яғни олар делдалға төлеген, ал менің компаниямның абыройы зардап шегіп отыр. Мен нарықта төрт жылдан бері жұмыс істеп келем», – дейді Жүнісова.
Алматы қалалық Полиция департаментінің өкілі Салтанат Әзірбектің мәлімдеуінше, қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 3-бөлігі (алаяқтық) бойынша тергеу басталған.
«Күдіктілердің шеңбері анықталады. Компанияның әлеуметтік желілеріндегі парақшалары тексеріліп, азаматтарға алдын ала ескерту жасалады. Мақсат – тағы да азаматтар алаяқтардың құрбаны болмауы үшін», – деді ол.
Қазірге дейін Алматы полициясына 25 адам шағым түсірген. Алайда жәбірленушілердің айтуынша, ел бойынша осындай жағдайға тап болғандар саны 200-ден асады.