SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Колумбия округінің федералды соты «Азат Еуропа/Азаттық радиосының» (RFE/RL) кезекті өтінішін қанағаттандырып, АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігін (USAGM) маусым айына арналған қаржыны дереу аударуға міндеттеді.
Сот шешімінде судья Ройс Ламберт агенттіктің әрекетін сынға алып, USAGM тарапынан RFE/RL-мен келіссөз жүргізуге де, Конгресс бөлген қаражатты сот араласуынсыз төлеуге де құлқы жоқ екенін атап өтті. Бұл туралы «Азаттық радиосы» 3 шілде күні хабарлады.
Бұл шешім – RFE/RL агенттікке қарсы берген төртінші шағымының сәтті нәтижесі. Бұған дейін де сот мамыр айында дәл осындай мазмұндағы шешім шығарған болатын.
75 жылдық мереке қарсаңындағы шешім
Сот шешімі RFE/RL-дің алғашқы трансляциясы басталғанына 75 жыл толатын қарсаңда қабылданды. Радионың алғашқы сынақ хабары 1950 жылы 4 шілдеде Чехословакияға бағытталып, «темір перде» артындағы аудиторияға жеткен.
RFE/RL бас директоры Стивен Капус бұл шешімді «тағы бір маңызды заңдық жеңіс» деп бағалады:
«75 жыл бойы RFE/RL-дің маңыздылығы сан рет дәлелденді. Соңғы рет бұл Таяу Шығыстағы дағдарыс кезінде байқалды – миллиондаған ирандықтар біздің дер кезінде әрі сенімді репортаждарымызға жүгінді. Біз бұрынғыдай USAGM басшылығымен ашық әрі конструктивті диалогқа дайынбыз. Миссиямыз – Конгресс жүктеген міндетті орындау», – деді Капус.
Қаржыландыру дауы қалай басталды
RFE/RL – штаб-пәтері Прагада орналасқан халықаралық медиакорпорация. Ол 27 тілде, 23 елде хабар таратады. 2024 жылғы бюджеті 142 миллион доллар болды. Бұл қаражат Конгресс арқылы USAGM агенттігі арқылы бөлінеді.
Алайда 2025 жылғы 15 наурызда агенттік RFE/RL-ге қаржы бөлуді тоқтатқан. Бұл шешім Конгресс алдын ала мақұлдаған қаржыға қарамастан қабылданған. Ай соңында шешімнің күші жойылғанымен, корпорацияда 122 қызметкер жұмыстан босатылып, фрилансерлермен келісімшарттар бұзылған.
Соған қарамастан, RFE/RL жұмысты тоқтатпады. 30 сәуірде сот президент Дональд Трамптың әкімшілігіне Конгресс мақұлдаған 12 млн долларды төлеуді міндеттеді. Қазан айына дейін корпорацияға тағы 77 млн доллар аударылуы тиіс.