SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылдың көктемінде Украинада 222 бала мен жасөспірім қаза тапты немесе жарақат алды. Бұл – өткен үш аймен салыстырғанда үш есе көп. Мұндай деректі Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) жариялады.
Наурыз бен мамыр айлары аралығында Украинада кем дегенде 222 бала мен жасөспірім әскери қақтығыстар салдарынан опат болған немесе жарақат алған. Ал алдыңғы үш айда мұндай оқиғалар саны 73 болған.
Тек сәуір айының өзінде 97 бала мен жасөспірім көз жұмған. Бұл — 2022 жылдың маусымынан бері бір ай ішінде тіркелген ең жоғарғы көрсеткіш, деп хабарлайды ЮНИСЕФ БҰҰ мәліметіне сүйене отырып.
— Украинадағы соғыс балаларға бір сәт те тыныштық берер емес, — деді ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Реджина Де Доминисис. — Интенсивті шабуылдар балалардың өмірін ғана емес, балалық шағының барлық қырын жойып жатыр.
Оның айтуынша, мектептерге, ауруханаларға, су және электр желілеріне, тіпті балалар алаңдарына жасалған соққылар ерекше ауыр салдарға әкелуде.
Балаларды интернет арқылы соғысқа тарту деректері
ЮНИСЕФ өкілдері тағы бір алаңдатарлық жайтты атап өтті: кей балалар интернет арқылы соғысқа тартылып жатыр. Оларға әскери нысандарға шабуыл жасау, ақпарат жинау, немесе диверсиялық тапсырмалар беру секілді әрекеттер ұсынылған.
БҰҰ-ның Украинадағы адам құқықтарын бақылау миссиясының дерегінше, мұндай әрекеттердің салдарынан кем дегенде екі жасөспірім қаза тапқан, тағы біреуі жараланған.
Украинадағы бейбіт тұрғындар шығыны
2025 жылдың сәуір айында БҰҰ-ның төтенше жағдайлар бойынша басқармасының басшысы Том Флетчер Украинадағы толыққанды соғыс басталғалы бері кем дегенде 12 910 бейбіт тұрғын қаза тапқанын, оның ішінде 682 бала бар екенін мәлімдеген. Жараланғандар саны – шамамен 31 мың.
— Бірақ бұл тек расталған деректер. Шын мәніндегі сан әлдеқайда көп болуы мүмкін, — деп нақтылады Флетчер.