999

«Тарихымыз ортақ»: Кремль Әзербайжан мен Ресей арасындағы наразылықты жоққа шығарды

Путиннің хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеме жасады.

«Тарихымыз ортақ»: Кремль Әзербайжан мен Ресей арасындағы наразылықты жоққа шығарды
Дмитрий Азаров / «Коммерсантъ»

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынасқа қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, екі ел бұдан әрі де одақтас әрі серіктес ретінде әрекет етуі керек.

«Біз әлі де серіктеспіз. Логика да соны көрсетіп тұр: Ресей мен Әзербайжан — ортақ тарихы, бүгіні мен болашағы бар одақтас мемлекеттер. Біз осындай деңгейде қарым-қатынасты сақтауға тиіспіз», – деді Песков журналистерге.

Кремль өкілі Мәскеу мен Баку арасындағы туындап жатқан мәселелер тек конструктивті жолмен шешілуі тиіс екенін айтты.

«Қандай да бір түйткілдер болса да, олар екіжақты қарым-қатынастың жалпы рухына сай, сындарлы түрде реттелуі қажет», – деді ол.

Сондай-ақ, ол ресейлік дипломаттар әзербайжандық тараппен үнемі байланыста екенін, және бұған дейін ұсталған Ресей азаматтарының құқығын қорғап жатқанын мәлімдеді.

«Біздің елшіліктер мен дипломатиялық органдар әзербайжандық әріптестермен тұрақты байланыс орнатқан. Олар ұсталған ресейліктердің мүддесін қолданыстағы заңдар мен дипломатиялық тәжірибе аясында қорғап жатыр», – деді Песков Ресей мен Әзербайжан арасындағы диалог деңгейі туралы сұраққа жауап бере отырып.

Еске салайық, маусым айының соңында Ресей мен Әзербайжан арасында дипломатиялық жанжал туындаған. Оған себеп – Екатеринбург қаласында әзербайжан диаспорасының өкілдері кісі өлтіру ісі бойынша ұсталып, кейін қаза тапқан. Гусейн және Зияддин Сафаров есімді екі бауырдың денесінен соққы мен азаптау белгілері табылған. Бұдан кейін Әзербайжан билігі түрлі қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен ресейліктерге жаппай қысым жасай бастады.

Материал авторы