716

Украина Германиядан миллиардтаған еуро тұратын құпия қару-жарақ сұратқан

Басқыншылыққа қарсы қорғаныс үшін бірнеше миллиард еуро тұратын қару-жарақ түрлерін сұратқан.

Украина Германиядан миллиардтаған еуро тұратын құпия қару-жарақ сұратқан
Dominika Zarzycka/SOPA Images/LightRocket/Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина Германиядан Ресейдің агрессиясына қарсы қорғанысты жалғастыру үшін бірнеше миллиард еуро тұратын қару-жарақ түрлерін сұратқан. Бұл туралы 6 шілде күні Bild газеті хабарлады.

Басылым мәліметінше, Киевтен жолданған өтініш тізімі құпия және үш негізгі бағытты қамтиды: әуе шабуылынан қорғаныс, қорғалған әскери көлік түрлері және радиоэлектрондық күрес құралдары.

Украина Германиядан IRIS-T әуе қорғаныс жүйесінің төрт жаңа кешенін, орта және шағын қашықтықтағы жалпы 2000 басқарылатын зымыранды және дрондардан қорғануға арналған 200 мың дана зениттік оқ-дәріні алғысы келеді. Сондай-ақ минадан қорғалған 1000 әскери көлік, 200 шынжыр табанды техника, 30 минадан тазалайтын танк пен 20–30 инженерлік бронемашина, арнайы жасақ тасымалдайтын 200 жол талғамайтын көлік сұралған.

Радиоэлектрондық күрес құралдарына келсек, Украина GPS сигналдарын бұғаттайтын 1000 құрылғы мен 200 жылжымалы радар алуға мүдделі. Бұл құрылғылар дрондарға қарсы қорғаныста, бақылау және нысананы анықтау жүйесінде қолданылады. Bild бұл тізімнің шынайылығын әскери және қорғаныс саласындағы дереккөздер арқылы растағанын жазады.

Басылым еске салғандай, Германияда билік басына канцлер Фридрих Мерц келген соң, Украинаға берілетін әскери көмектің егжей-тегжейі құпияландырылған. Ресми түсіндіруге сәйкес, мұндай ақпарат Кремльдің қолына түспеуі үшін жарияланбайды. Алайда сыншылар бұл шешім жеткізілімдердің кешігуін немесе мүлде болмауын жасырудың амалы деп есептейді. Германия Қорғаныс министрлігі бұл мәселеге қатысты түсініктеме беруден бас тартқан.

Материал авторы