574

Ердоған оппозиционерді сотқа беріп, 6,5 млн теңге талап етті

Өзгүр Өзел президент Ердоғанды айыптаған еді.

Ердоған оппозиционерді сотқа беріп, 6,5 млн теңге талап етті
Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған оппозициялық Халықтық-республикалық партияның (ХРП) төрағасы Өзгүр Өзелді қорлады деп айыптап, азаматтық сотқа талап арыз түсірді.

Мемлекет басшысы моралдық зиян ретінде 500 мың түрік лирасы (шамамен 6,5 млн теңге) көлемінде өтемақы талап етіп отыр. Бұл туралы президенттің адвокаты Хүсейін Айдын әлеуметтік желіде хабарлады.

Адвокаттың айтуынша, 5 шілде күні Өзгүр Өзел Ердоғанға қатысты негізсіз айыптаулар мен балағат сөздер айтып, қоқан-лоққы көрсеткен. Осыған байланысты Анкараның азаматтық сотына өтемақы өндіру туралы талап қойылып, сонымен қатар президентті қорлау және қорқыту дерегі бойынша Анкараның Бас прокуратурасына қылмыстық шағым түсірілген. Хүсейін Айдын бұл әрекетті Түркия Қылмыстық кодексінің 310-бабының 2-тармағымен байланыстырып отыр.

Өзел аталған мәлімдемесін 5 шілдеде өткен ХРП Атқару комитетінің отырысынан кейін жасаған. Ол Ердоғанды авторитарлық басқару жүйесін жүргізіп отыр деп айыптап, сол күні Анталия, Адана, Адыяман және Манавгат қалаларының әкімдері жемқорлыққа байланысты ұсталғанын мысалға келтірген. Өзел қараша айында кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді талап етіп, Ердоған бастаған билік жеңіледі деп мәлімдеген.

Айта кетейік, Ердоған Өзгүр Өзелді бұған дейін де бірнеше рет сотқа берген. Соңғы рет сәуір айында өткен партия съезінде Өзел оны «хунта басшысы» деп атағаннан кейін тағы да 500 мың лира өтемақы талап етіп, сотқа жүгінген болатын.

Материал авторы