1112

Трамп Қазақстанға баж салығын салып, Тоқаевқа хат жолдады

Трамп өз хатында «Қазақстанмен саудамыз тең емес» дейді.

Трамп Қазақстанға баж салығын салып, Тоқаевқа хат жолдады
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп 1 тамыздан бастап Қазақстаннан келетін барлық тауарларға 25 пайыз көлемінде кедендік тариф енгізілетінін мәлімдеп, осыған байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми хат жолдады. Бұл туралы хат Трамптың Truth Social платформасындағы парақшасында жарияланды.

Хатта: «2025 жылдың 1 тамызынан бастап Қазақстаннан АҚШ-қа жеткізілетін барлық тауарларға 25 пайыздық тариф енгізіледі. Бұған дейін белгіленген салалық тарифтерден бөлек. Бұл тарифтерді айналып өтіп, үшінші елдер арқылы жеткізілетін тауарларға да жоғары мөлшерлеме қолданылады», – делінген.

Трамп Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда қатынастары «өкінішке қарай, өзара тең болмағанын» алға тартты. Оның айтуынша, 25% – бұл тепе-теңдік орнату үшін қажет деңгейден де төмен мөлшер.

Сонымен қатар, Трамп егер қазақстандық компаниялар өз өнімдерін АҚШ аумағында өндірсе, бұл тарифтердің күшіне енбейтінін мәлімдеді. Ал егер Қазақстан жауап ретінде қарсы шаралар қолданса, Вашингтон қосымша тарифтер енгізуге дайын екенін ескертті.

Бұған дейін, 2 сәуірде Трамп әкімшілігі АҚШ-тың барлық сауда серіктестеріне қарсы ауқымды кедендік баждар енгізілетінін хабарлаған болатын. Сол тізімге Қазақстан да енді. Сол кезде Қазақстаннан импортталатын тауарларға 27% мөлшерлеме белгіленген еді. 5 сәуірден бастап барлық елдер үшін базалық импорт тарифі 10% болып бекітілді. Алайда кейін бұл шараға қатысты 90 күндік мораторий жарияланған.

7 шілдеде Трамп БРИКС-ті қолдайтын кез келген елге қосымша 10% кедендік баж енгізетінін айтып, тағы да сес көрсетті.

Материал авторы