2183

Киев Ресейдің құпия бұйрығын жариялады: Ресей әскері Арменияға бет алды

Ресей Армениядағы әскери база күшейтілсін деген бұйрық берді. Бұған дейін Армения Кремльге «Ішкі саясатымызға араласпаңдар» деп төтесінен айтқан еді.

Киев Ресейдің құпия бұйрығын жариялады: Ресей әскері Арменияға бет алды
Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина Қорғаныс министрлігіне қарасты Бас әскери барлау басқармасы (ГУР) Ресей Армениядағы әскери қатысуын арттырып жатқанын хабарлады. Мәлімдемеге сәйкес, Ресей Түркия шекарасына жақын орналасқан Гюмридегі 102-ші әскери базада күштерін көбейтуде.

Бұл мәлімдемеге бастапқыда Арменияның Сыртқы істер министрлігі қарсы шығып, ақпаратты жоққа шығарған. Алайда арада бірнеше күн өткен соң, украин барлау қызметі бұл процесті растайтын ресейлік армия басшылығының бұйрығын жариялады. Құжатта Оңтүстік әскери округке қарасты бірнеше бөлімшеден Армениядағы базаға әскер жіберу тапсырылғаны жазылған. Сондай-ақ, бұйрықта қызметкерлердің кәсіби деңгейі мен психологиялық төзімділігіне қатысты нақты талаптар көрсетіліп, есірткіге қатысы бар адамдарды қабылдауға тыйым салынған.

Украина тарапы мұны Кремльдің Оңтүстік Кавказдағы ықпалын күшейтуге және жаһандық тұрақсыздық туғызуға бағытталған кешенді стратегиясының бір бөлігі деп бағалайды. Киевтің пайымынша, Мәскеу Кавказда этносаралық жанжалдарды қоздырып, өз әскери қатысуын ұлғайту арқылы аймақты геосаяси тұрақсыздыққа итермелеп отыр.

Гюмридегі база неліктен маңызды?

Армениядағы Гюмри қаласы – елдің Түркиямен шекарасына жақын орналасқан, стратегиялық маңызы бар аймақ. Бұл жерде 1990-жылдары Армения мен Ресей бірлесіп 102-ші әскери базаны құрған. Бастапқыда база Арменияны Түркиядан қорғауға және Таулы Қарабақта жағдай ушыға қалса, Ресей әскері жылдам әрекет етуге тиіс болған.

Алайда 2023 жылы Әзірбайжан жылдам әскери операция арқылы Қарабаққа толық бақылау орнатып, Ресей бұл процеске араласа алмады. 2024 жылы Армения Мәскеу басқаратын ҰҚШҰ ұйымына қатысуын уақытша тоқтатты. Премьер-министр Никол Пашинян Ресей әскерінің елде болуынан ешқандай пайда жоғын айтқанымен, 2044 жылға дейін жалғасатын келісімге байланысты база Гюмриде қала берді.

Бүгінде бұл база – Ресейдің Оңтүстік Кавказдағы ең ірі әскери нысаны. Мұнда шамамен 5 мыңға жуық әскер, МиГ-29 ұшақтары мен С-300 зымыран кешендері орналасқан.

Армения қазіргі таңда Әзірбайжан және Түркиямен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге ұмтылып отыр. Осыған байланысты Ресей базасының елдегі маңыздылығы күмән тудыра бастады. Армения Түркиямен шекараны ашуға да ниетті. Бұл шекара 1993 жылы Әзірбайжанмен ынтымақ аясында жабылған болатын.

Әзірбайжан мен Ресей арасындағы шиеленіс

Соңғы уақытта Баку мен Мәскеу арасындағы қатынас айтарлықтай ушығып кетті. Әзірбайжан билігі Ресейде қамауға алынған этникалық әзірбайжандардың қайтыс болуына және 2024 жылдың соңында Ақтауда орын алған ұшақ апатына Мәскеуді кінәлап отыр. Осындай жағдайда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Армения мен Әзірбайжан арасындағы бейбіт процесті қолдайтынын мәлімдеді.

Материал авторы